Украина таяу арада АҚШ-тан ұзақ қашықтыққа арналған артиллериялық қару алуы мүмкін. Мұны «Вашингтон пост» газеті хабарлады. Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, мұндай гаубицалар Донбасста Ресей армиясын үлкен шығынға ұшыратып, украиналық әскердің басым түсуіне жәрдемдесуі ықтимал. Мәскеу болса, Құрама Штаттардың Киевке мұндай зымырандық жүйе беру жоспарын арандатушылық әрекет деп айыптады. Қазір Украина күштері Американың снаряды 25 шақырымға жететін M777 гаубицаларын қолданып жатыр. Ал, енді жеткізілуі мүмкін артиллериялық қондырғы 300 шақырым жердегі нысанды жоя алады. Кейбір болжамдарға қарағанда, Украина бұл қарумен Ресейдің өз ішіндегі нысандарға соққы беретін болса, НАТО мен Ресей арасында әскери жанжал басталып кетуі мүмкін.
Арыстанбек Рысбек