Түркістан облысында 70 пәтерді тонаған қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 70 пәтерді тонаған қылмыстық топ ұсталды

31.05.2022

Күдіктілер өңірдің Қазығұрт, Келес, Ордабасы және Сарыағаш аудандарында үйлерді үптеп келген. Тәртіп сақшылары ұрыларды ломбардтарға өткізген тауарлары арқылы тапқан. Күдіктінің бірі бұрын осындай қылмыстары үшін сотталған 26 жастағы ер адам. Тергеу барысында оның таныстары мен туыстарынан тұрақты топ құрып, әрқайсына тапсырма бергені анықталған. Әр қылмысты жасауға мұқият дайындалып, үй иелерінің күн тәртібін зерттеген. Ұрлық жасаған соң, сезіктіні күйеу баласы көлігімен бірден алып кетіп отырған. Әрі қарай ұйымдастырушының анасы мен жұбайы ұрланған әшекей бұйымдарды пұлдап, түскен пайдасын өзара бөліскен. Қазір қылмыстық топтың үш мүшесі қамауға алынса, тағы біріне бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал жәбірленушілерге 100 млн теңгедей шығын келген.

Дастан Тоқтабай, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің тергеушісі:
Осы пәтер ұрлығынан ұрлаған алтын әшекей бұйымдарын өзінің қазіргі таңдағы азаматтық некедегі жұбайы арқылы Шымкент қаласындағы, Жетісай қаласында орналасқан және Сарыағаш қаласында орналасқан ломбард мекемелеріне 2020 жылдардан бері өткізіп отырған.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу