Жұрттың 50 миллион теңгесін жымқырған екі алаяқтық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұрттың 50 миллион теңгесін жымқырған екі алаяқтық топ ұсталды

31.05.2022

Елімізде банк қызметкеріміз деп жұртты 50 миллион теңгеге сан соқтырған екі алаяқтық топ ұсталды. Теміртау қаласының 38 жастағы тұрғыны полицияға шағымданған. Ол белгісіз банк өкілі хабарласып, шотындағы жинаған ақшасын қауіптен сақтаймыз деген желеумен 11 миллион теңгені аударуға мәжбүр еткенін айтқан.

Жедел- іздестіру кезінде Алматы қаласында 31 және 27 жастағы екі қарағандылық азамат ұсталды. Тінту кезінде олардан бірнеше төлем карталары мен өзге адамның жеке куәлігі тәркіленген. Күдіктілердің Қарағандыдағы тұрғылықты мекен-жайы да тінтіліп, тағы да төлем карталары алынған. Бұған дейін облыста тәртіп сақшылары осы іспетті алаяқтар тобын қолға түсірген. Күдіктілерден 9 миллион теңге, 7 төлем картасы және бірнеше ұялы телефон мен интернет-роутер, флешкарталар алынған.

Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын 50 миллион теңге. Барлық жайттар тіркеліп, күдіктілер қамауға алынды. Үстерінен алаяқтық фактісі бойынша іс қозғалды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу