Түркістан облысында 4 жылдан бері көктем жайсыз болып, жеміс ағаштары гүл ашпай жатып, суыққа ұрынып келеді. Бағбандар табиғаттың жыл сайын қайталанатын тосын мінезінен еңбегінің жемісін көре алмай отыр. Ал ағаштарды сақтандырайын десе, елімізде бұл жүйе бір жолға қойылмаған. Шарасыз шаруалар бағын балталап, ағаштарды тамырымен қопарып тастауға мәжбүр.
Қазығұрттағы 500 гектардан асатын бауда биыл да жеміс аз. Сәуір айының басында суық ерте гүлдеген жеміс ағаштарын үсітіп кеткен. Тек кейіннен бүр жарған алма ағаштары ғана аман қалды. Былтырғы жыл тіпті қиын болды. Наурыз айында болған -20 градус суықтан жеміс ағашының гүлдері сол күйі түсіп қалды. 450 гектар баубақша бір түйір жеміс бермеген.
Нұрболат Құралов, бағбан:
Суық бізді тізерлетіп отырғызды десек те болады. Ерте гүлдеген өрігіміз кетті, шабдалымыз кетті. Өрік 100 пайыз, шабдалы 70-80 пайыз кетті. Аз ғана қалды.
Сарыағаштағы ең ірі шаруашылықта да осы. Суық болған күндері ағаштардың арасына от жағып, түтін салғанымен пайдасы болмады. Жел болмағандықтан жылу айналаға тарамаған. Ал суықтан қорғанудың тағы бір әдісі ағаштарға су бүркіп шығуға үлгере алмаған.
Танабай Шынтасов, бағбан:
Бірінші жыл емес, қатарынан төртінші жыл болғаннан кейін шаруаларды өте қиын жағдайға салып қойып жатыр. Осындайға қарсы жағадай жасамаса шаруалардың басы көпжылдық ағаштарын кесіп, басқа өнімге өтуге мәжбүр болуда.
Жеміс ағашын күтіп баптау қып-қызыл шығын. Жыл сайын артық өскіндерін қырқу, өсу кезеңдерінде химиялық дәрілермен өңдеу ісі де біраз ақша.
Ерте көктемнен қара күзге дейін жүзімнің 1 гектарын күтіп баптау үшін ең көбі 500 мың теңге қажет. Ал қаржыны ең көп қажет ететін алма ағашы. Оның ішінде мынадай аласа бойлы сорттар. Мұнда түп саны көп болғандықтан шаруа мол өнім алу үшін Бір жылда 2 миллионға дейін қаражат жұмсауы қажет.
Ауыл шаруашылығы министрілігі жеміс ағаштарын ерікті сақтаныдырудың оңтайлы тәсілдерін әлі таба алмай жатыр. Бұған дейін жүргізіліген сынақтар кезінде біраз кемшін тұстар анықталған.
Қазіргі уақытта агросақтандыру қауымдастығы Германиямен бірлесіп, жаңа жүйе әзірлеуде. Көпжылдық деректер негізінде қажетті есептеулер жасалды. Енді сараптама кеңесінің қарауынан өтуі керек.
Жеміс ағаштарын сақтандыру екі бағыт бойынша жүргізілмек. Оның бірі бауды табиғаттың тосын құбылыстары мен аурулардан сақтандыру. Екіншісі, көпжылдық екпелерді мүлік ретінде сақтандыру. Жаңа жүйе осы жылдың аяғына дейін енгізілетін болады.
Ғани Қалмаханов