Ресей күштері Украинадағы 3620 елдімекенді басып алған. Олардың мыңнан астамы азат етілді. «Ел Президенті Зеленский Люксембург парламенті депутаттарының алдында бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, ел аумағының 20 пайызы ресейлік әскердің бақылауында. Ұрыс шығыстағы Харковьтен оңтүстіктегі Николаевқа дейін жалғасып жатыр. 100 күнге созылған қарулы қақтығыста Ресей Украина аумағына 2 мың 500-ге жуық зымыран жіберді», - деді Зеленский.
Вашингтон Киевке 700 млн долларға әскери жәрдем бермек
Тағы бір мәлімет. АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 700 миллион доллардың қаруын беретінін ресми түрде жариялады. Әскери жәрдемге 80 шақырым жердегі нысанды қирататын зымыран жүйесі кіреді. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің мәлімдеуінше, Украина бұл артиллериялық арсеналмен Ресей территориясын атқыламауға уәде берген. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Киевке «сұр қыран» деп аталатын 4 әскери дрон жөнелтуді де жоспарлап отыр.
АҚШ-тың Украинаға қару беруіне қатысты пікір
Ал Кремль болса, АҚШ-тың Украинаға заманауи қару-жарақ жеткізуі бейбіт келіссөздердің жалғасуына жол ашпайды деп мәлімдеді. "Вашингтонның Киевке әскери дрондар беру туралы жоспарына қарамастан Ресей Украинадағы өз мақсаттарына қол жеткізеді",- деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Арай Төлегенқызы