Оңтүстік Корея билігі коронавирусқа қарсы вакцина алмаған туристер үшін карантиндік талаптарды алып тастамақ. Бұл туралы премьер-министр Хан Док Су пандемияға қатысты отырыста мәлімдеді.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяға барған туристер вакцинасы жоқ болса, 7 күнге карантинге алынатын еді. Маусымның 8-нен бастап бұл ереже күшін жояды. Ал республика аумағына кіру үшін ПТР-тестін тапсыру баршаға міндетті.
Сонымен бірге халықаралық ұшақ рейстеріне енгізілген авиациялық шектеулер де алынып тасталады. Шара билеттердің болмауы және бағаның өсуі сияқты қолайсыздықтарды болдырмау үшін қажет.