Сыр өңірінде 462 мыңнан астам азамат референдумға қатысу құқығына ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде 462 мыңнан астам азамат референдумға қатысу құқығына ие

05.06.2022

Сыр өңірінде 462 мыңнан астам азамат референдумға қатысу құқығына ие. 373 дауыс беру учаскесі бар. Ашылғанына бір сағаттан енді асса да дауыс беру процесі аяқталуға жақын жабық орындар бар. Аймақтағы тілшіміз Әділбек Серікұлы дәл қазір Ұлттық ұланның 55/47 әскери бөлімінен бізбен тікелей байланысқа шығуға дайын.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Көппен бірге әскерилер де маңызды науқаннан қалыс қалмай, белсенділік танытуда. Осында азаматтық борышын өтеп жүрген 343 сарбаз таң сәріден сап түзеп, рота-зводпен дауыс беру орнына әндетіп, көтеріңкі көңіл-күймен келіп жатыр. Мұнда жабық учаске болған соң, тек әскери қызметкерлер мен сарбаздар ғана дауыс беруде. Қазіргі уақытта басым бөлігі өз таңдауын жасап үлгерді. Ел қорғандары ел ертеңін айқындайтын референдумға байыппен қарап, әрбір сарбаз өз еркімен қатысуда.

Жасұлан Шүкірбай, 55/47 әскери бөлімінің сарбазы:

Референдумға алғаш рет қатысып жатырмын. Әрине, саналы азамат ретінде мен бүгін өз таңдауымды жасадым. Және соны мақтан етемін. Әскери борышымды адал атқарып, туған жеріме оралуыма да санаулы күндер қалды. Осы сәтті пайдаланып, ата-анама, жақындарыма, достарыма сәлем жолдаймын.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Рақмет, аман-есен борышыңды өтеп, отбасыңмен қауышуыңа тілектеспіз. Ал 55/47 әскери бөлімінде қазір сарбаздардың соңғы легі дауыс беруге келіп жатыр. Әрі қарай, комиссия мүшелері мен байқаушылар дауыс беру бітісімен бюлетендерді санап, бірер сағаттың ішінде нәтижесін анықтайтын болады. Жалпы облыс бойынша осындай 28 жабық учаскі бар. Аймақтағы референдумның өту барысы туралы алдағы шығарылымда әлі баяндайтын боламыз.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу