Танымал тұлғалар референдумда дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымал тұлғалар референдумда дауыс берді

05.06.2022

Ата заңымызға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты тағдыршешті күнде Қазақстан азаматтары бейғамдық танытпау керек. Бұл елімізге белгілі спорт және өнер майталмандарының ортақ пікірі. Олардың пайымынша, референдум учаскесіне барып дауыс беру елге, жерге, отанға, ұлтқа деген үлкен жанашырлық пен сүйіспеншіліктің белгісі.

Елордамыздағы №60 референдум учаскесіне келіп жатқан адамдардың қарасы көп. Олардың арасында қала тұрғындары, түрлі сала өкілдері мен өнер азаматтары бар. Көбі Республикалық референдум арқылы ұлт болашағын айқындап, келер ұрпаққа даңғыл жол ашамыз деген сенімде.

Нұржамал Үсенбаева, әнші, Қазақстанның халық артисті:

Референдумға қатыстық, өз дауысымызды бердік. Көңіл күйіміз өте жақсы. Барлықтарыңызға жақсылық тілейміз, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор:

Бүгін тарихи күн. Өйткені, референдум арқылы ата заңымыз конституцияға өзгерістер енгізу көптен-көп болмаған. Мен өте қуанып үлкен бір үмітпен келдім. Бұл еліміздің болашағына өз үлесін қосады. Еліміздің болашағына сенемін.

Елдегі барлық азаматы ұлтына, тұрғылықты жеріне қарамастан дауыс беруге құқылы. Өзге өңірлерден жұмыс бабына байланысты Елордамызға келіп референдумға қатысып жатқандар да жетерлік. Олардың қатарында былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов та бар. Боксшы бұл референдум еліміздің әлем алдындағы беделін, әлеуетін одан әрі көтеруге мүмкіндік беретінін айтады.

Сәкен Бибосынов, бокстан әлем чемпионы:

Түркістан қаласында сайлау тучаскесінде тапсыруым керек болатын. Бірақ белгілі себептермен Нұр-Сұлтан қаласына келіп өз даңдауымды жасадым. Сайлау учаскесінде барлық жағдай жасалған, дауыс беру ашық түрде өтіп жатыр.

Бас шаһардағы №141 және 112 референдум учаскеслеріне де бас сұқтық. Бұл жерде де ел дамуындағы Конституцияның рөлі мен Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын түсініп, асқан жауапкершілікпен дауыс беруге келген халық көп. Әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы мен театр және кино режиссері Талғат Теменов мырзаны да осы жерде жолықтырдық.

Майра Мұхамедқызы, ҚР Еңбек сіңірген артисті, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар дейді ғой. Сол сияқты, ата заңның да кем-кетігін халықпен бірге, халық өзінің үмітін өкіметпен бірге өз еліміздің болашағын айқындап алуымыз керек. Сондықтан, мұндай референдум міндетті түрде керек.

Талғат Теменов, Театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі:

Бүгін қазақ халқы үшін үлкен мереке. Өйткені біз соңғы жылдары болмаған көрмеген референдум өткізіп жатырмыз. Соған дауыс беруге келдік. Ол ең алдымен біздің жаңа қазақстанды жаңа конституциямен өткізуге дауыс беруге келдім.

Қысқасы, ел өміріндегі ауқымды саяси шараны өткізуге барлық жағдай жасалған. Бұған референдум учаскелеріне келген тұрғындардың сөзі дәлел. Дауыс беру кешкі сағат 20.00 ге дейін жалғасатынын ескерсек халықтың қарасы әлі де көбейе түсері анық.


Хабарламаларға жазылу