Қостанайда еңбек ұжымы ұйымшылдығын көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда еңбек ұжымы ұйымшылдығын көрсетті

05.06.2022

Қостанай облысындағы Жуков ауылы соңғы жылдары қайта түлеген елдімекендердің бірі. Мұнда бірнеше ауылшаруашылығы құрылымы бар. Сонымен қатар жүзге жуық адам еңбек ететін үлкен құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Бүгін осы кәсіпорынның ұжымы ұйымдасқан түрде дауыс беру учаскесіне барып өз таңдауларын жасады.

Жуков ауылындағы құс фабрикасы аптаның барлық күндері демалыссыз жұмыс істейді. Себебі жұмыртқаны жарып шыққан соң балапандар әбден өсіп жетілгенше тәулік бойы күтім керек. Одан әрі сою цехына жіберіледі. Бұл жерден жылына 2 мың тонна ет өнідіріледі. Фабрикада бірнеше ауысыммен 85 адам еңбек етеді. Бүгінгі ауысымдағы жұмысшылар азаматтық борышын орындау мақсатында үзіліс кезінде дауыс беру учаскесіне беттеді.

Анар Тыныштықова, Құс фабрикасының жұмысшысы:

Бүгінгі күн бәрімізге де өте маңызды. Реферндумда дауыс беруге кеп тұрмыз. Бала-шағаның болашағы үшін үміттенеміз. Бәрі жақсы болады деп.

Надежда Телімбаева құс фабрикасына «Ауылды жаңғырту» бағдарламасы бойынша келген жас маманның бірі. Келісім-шартқа сәйкес жұмыс беруші оны тегін баспанамен де қамтамасыз етеді. Қазір жаңа үйінің іргетасы қаланып жатыр. Надежданың міндеті инкубатор бөлімінің ақаусыз жұмыс істеуін қадағалау. Бірақ бүгін бірер сағатқа үзіліс жасауға тура келді.

Надежда Телімбаева, Құс фабрикасының жұмысшы:

Мен бүгінгі күн еліміз үшін маңызды деп есептеймін. Сондықтан дауыс беруге референдумға барамын. Бұл азаматтық борышым. Барлық өзгерістер халықтың игілігіне жасалып жатқанына сенемін.

Жуков ауылында бүгінде алпыс шақты үй бар, тұрғындар саны 260-тан асады. Оның ішінде 136 азамат дауыс беру құқына ие. Комиссия мүшелерінің айтуынша олардың басым бөлігі таңдауын жасап үлгерген. Осылайша шағын елді-мекеннің тұрғындары бүгінгі мемлекет үшін маңызды шарада жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу