Еліміз бойынша бүгін ең қарт дауыс беруші - Павлодар облысының тұрғыны Хапиза Рахмет. Кейуана 106 жаста. Жалпы, өңірде 528 рефендум учаскесі жұмыс істеді. 358 елдімекенде ауыл халқы өз таңдауын жасады. Болат Аманбаев тарқатады.
Үміт етіп, батасымен ықылас қылып отырған анамыздың жасы дәл бүгін 106-ға толды. Хапиза Рахмет Кенжекөлдің бөлімшесі Байдалада тұрады. Дауыс беру учаскесіне өзі барды. Елдегі әр жаңалыққа елең етіп, көзінің нұры тайса да, көкірегі ояу , көңілі зерек, сүйегі асыл кейуана ұрпағының бай-бақуатты тірлік кешкенін армандайды.
Хапиза Рахмет, Байдала ауылының тұрғыны:Бардым, қолымды қойып келдім. Өзім қол қоя алмаймын. Қаламды ұстап тұрып, балам қолымды қозғап қойды. Сабақ оқымағанмын. Бірақ танимын. Мына көзімнен айрылып барамын былтырдан бері. Көзім кетіп барады.
Ғасырдан артық жасаған кейуананың ауылдастары да бүгін ерекше белсенді болды. Соңғы әкім сайлауында дәл осы Кенжекөл ауылы тұрғындарының 28 пайызы ғана қатысып, республика бойынша көш соңында қалып еді. Бұл жолы елінің ертеңіне бей-жай қарамаған көпшілік өз таңдауына жасауға асықты.
Сәлмен Салықов, Кенжекөл ауылының тұрғыны:Әрине біз енді осы Конституциядан үлкен үміт күтіп отырмыз. Елдің жақсаруын, халықтың тұрмыс жағдайының өсуін. Конституция егер қабылданса одан сайын жақсарады деп ойлаймын. Еліміз, халқымыз бай болады. Соған өте үміт артып отырмыз.
Жалпы облыс бойынша 513 мыңға жуық азамат дауыс беру құқығына ие. Бүгінгі айтулы оқиғада еңсесін тіктеп, болашаққа үмітпен қараған жаста жасамыс та тарихи таңдау жасады.
Болат Аманбаев