Шығыста тұрғындардың арыз-шағымынан соң шошқа өсіретін шаруашылықтың иесіне 500 мың теңге айыппұл салынды.
Өскемен қаласы мен Глубокое ауданына қарасты бірнеше елдімекеннің тұрғындары сол маңда талай жылдан бері доңыз өсіріп, оны сойып келген кәсіпкердің әрекетіне қарсы құзырлы органдарға шағымданған.
Осыдан соң облыстық Экология департаменті шаруашылыққа қатысты тексеру жүргізіп, бірқатар заңсыздықты анықтады. Атап айтқанда, доңыз қорадан шыққан лас қалдықтар ашық-шашық далаға төгілген. Зертханалық тексерулер шошқа фермасының маңы мен одан тыс аумақтардағы топырақ, жерасты суы түгел ластанғанын көрсетті. Ал бұл жердегі елдімекен тұрғындары ауыз суды жеке піспе құдықтан алып отыр. Кәсіпкер экологиялық ережеге сай қалдықтардың көлеміне мүлде есеп те жүргізбеген.
Осы анықталған заңсыздықтар негізінде кәсіпкер тек әкімшілік айыппұл арқалады. Бірақ тұрғындар атқарушы биліктен доңыз фермасын жабуды талап етіп отыр.