Курьерлік қызмет жалақы бергенімен, әлеуметтік кепілдіктен қағып отыр. Қазір онда 500 мыңнан аса азамат жұмыс істейді. Барған сайын саны артуда. Таңдауы онлайн платформа болса, онда оларды әлеуметтік жағынан қорғау қажет. Бүгін үкіметте жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды.
Әр 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны ашылуы керек. Әкімдердің іскерлігі соған қарап бағаланбақ. Бірақ, әкімдерден гөрі қазір онлайн платформа қожайындары ұтып тұр. Бұлар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты 8 компания. Олар 500 мыңнан аса адамды қызметке тартты. Таксилетеді, тағам тасиды, риелторлығы бар. Тек бір кемшілігі – табыс тапқанымен, әлеуметтік кепілдік қаралмаған. Дегенмен бұл да шешілетін мәселе.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Қазір барлық платформа басшыларымен келістік биылғы жылдың соңына дейін пилотты түрде қазіргі ыңғайландырылған салық төлеу, ыңғайландырылған әлеуметтік төлемдерді төлеу пилотты түрде жүргізейік деп, жылдың соңына қарай әр платформаның спецификасына байланысты жаңа ұсыныстарды дайындаймыз. Жыл соңына қарай өзгерістер енгізіледі.
Заман талабы солай. Ондай жұмыс таңдағандар әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы қажет. Премьер-Министр бюрократиялық кедергілерді жоюды тапсырды. Бұдан бөлек биыл ұлттық жобаларды іске асыру аясында 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі:
Ай сайын онлайн жәрмеңке өткізудің арқасында кез-келген маман еліміздің ірі кәсіпорындарына жұмысқа орналаса алады. Мұндағы мақсат – тұрақты жұмыс орындарын құру. Биыл ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек.
Жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға кәсіп ашуға грант көбейді. 1 млн 200 мың теңгеден асады. Жүктілік төлемі мен жәрдемақыны да көтеру көзделіп отыр. Әзірге мөлшері белгісіз. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының тұрақтылығына байланысты айқындалады.
Нысаналы Ығыл