Солтүстік Қазақстанда жылқылар белгісіз індетке шалдықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда жылқылар белгісіз індетке шалдықты

07.06.2022

Солтүстік Қазақстанда жылқылар белгісіз індетке шалдықты. Мал иелерінің сөзінше күркілдеп жөтелген Қамбар ата түлігі аурудан әбден әлсіреп қалған. Есіл ауданының Заречное ауылында жылқылардан сараптама алынды. Нәтижесі әзірге белгісіз. 

7 жылдан бері ауылдың жылқысын бағатын Самархан Сәдуақасов мұндай дертті алғаш рет көріп тұрғанын айтады. Малдың ауырғанына бір аптадай уақыт болған. Күн сайын үйірде жөтелген жылқының саны көбейіп келеді. Ал өңірде қаншасы ауырып жатқаны белгісіз.

Самархан Сәдуақасов, жылқышы:

Көріп тұрсыздар ғой, құлындар ойнақтап, емін-еркін жүр. Бірақ биелерде көбінесе жөтел. Жылқышыларға хабарласқам, оларда да осындай жөтел. КҮнделікті сұрап, біліп, хабарласып тұрамыз.

Жылқылардан алынған сараптама Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберілген. Мамандар белгісіз дерттің жұқпалы ауру болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Берік Әлжанов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Жұқпалы ауру болатын болса, онда диагноз нақтыланғаннан кейін әрі қарай іс-шараларды жүргіземіз. Ал қазіргі кезде біз симптоматикалық түрде ем жүргізіп жатырмыз. Мынау аурырған жылқыларды бөліп, оларға антибиотик, вирусқа қарсы екпелерді жасап жатырмыз.

Әзірге жылқы еркін жайылып жүр. Бір тәуірі мал шығыны тіркелмеді. Ветеринарлардың айтуынша нақты диагноз әлі белгісіз болғандықтан шектеу шараларын енгізу жөнінде мәселе қаралмаған. Дерттің қайдан келгені де беймәлім. Әйтсе де індеттің себебі тезірек анықталса, ауруды асқындармай емдеуге барымызды саламыз деп отыр. Жылқыдан басқа мал аурудан аман дейді.

Эльмира Каленова

Хабарламаларға жазылу