Қарағанды облысының «Абай» шахтасында өндірістік қауіпсіздік ережелері өрескел бұзылған.
Жоспарлы тексеріс жүргізген мемлекеттік инспекторлар 200-ге жуық заңбұзушылықты анықтады. Кеніштегі 184 нысанға жасалған бақылау кезінде көмір шахталарында сейсмикалық барлау және геологиялық сандық модельдеу жүргізілмеген. Шаң-тозаңның мөлшерін анықтайтын құрылғы алынбаған, компьютерлік техника да жаңартылмады. Ал жауапты компания өткен жылы қарашада болған апаттан соң кемшіліктерді жою керек болатын.
Еске салсақ, «Абай» шахтасындағы апаттан 6 адам қаза тапқан еді. 3 кенші жарақат алды.
Кеңгірбай Есенеев, ҚР ТЖМ Өндірістік қауіпсіздік комитеті департамент басшысының орынбасары:
Тексеріс нәтижесі бойынша заңды тұлғаны әкімшілік жауапқа тарттық. Ірі кәсіпкерлік нысан ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Қондырғыларды қолдану ережесі өрескел бұзылғандықтан кеніштегі екі нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы экономикалық сотқа шағым түсірдік.