Шығыс Қазақстан облыстық Апелляциялық соты Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға айыппұл салу туралы ауданаралық сот шешімінің күшін жойды. Аблакетка кентінің тұрғындары қоғамдық көліктің кестеге сай жүрмегеніне наразылық білдіріп, әкім мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімі басшысын әкімшілік жауапқа тарту жөнінде сотқа шағым түсірген.
Оны қараған сот тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Соған сәйкес әкімдік 16 наурызға дейін автобустардың уақытылы қатынауын қамтамасыз етуге тиіс еді. Алайда бұл міндет орындалмады. Сондықтан 50 айлық есепті көрсеткіш, яғни 159 000 тенге айыппұл салынған.
Енді апелляциялық сот шешімнің күшін жойды. Себебі қоғамдық көліктерді жүргізу бойынша жарияланған тендерге ешбір тасымалдаушы қатыспаған. Сондықтан айыппұл салу қисынсыз деген қорытындыға келген.