Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының жаңа әкімі болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының жаңа әкімі болып тағайындалды

11.06.2022

Алматы облысына жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымға бұған дейін Қаржы вице-министрі болған Марат Сұлтанғазиев барды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қонаев қаласына барып, өңірдің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 188 депутаттың 129-сы Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасына, 59 депутат Батыржан Байжұмановқа дауыс берді. Жиын аяқталғаннан кейін Премьер-Министр өңір активіне облыс әкімін таныстырды.

Ерболат Тұрымбетов, Іле ауданының құрметті азаматы:

Бүгін, міне, экономикасы дамыған облысқа бүгін жаңа әкімді таныстырды. Алға қарай елімізді дамытуға, көркейтуге, әкім болса халқына жақын болсын. Елді дамытып, экономиканы дамыта беруіне біз тілек білдіреміз.

Үкімет басшысы өңірдің аумақтық орналасу артықшылықтарына тоқталды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді, Алматы қаласының маңында азық-түлік белдеуін құру қажеттігін атап өтті. Туризм әлеуеті де жоғары. Аталған сала - аймақтың экономикалық өсуінің негізгі драйверлерінің бірі. Тұрғындар жаңа басшының өңір дамуына тың өзгерістер әкелеріне үмітті.

Алматы облысының құрамына Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Балқаш, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандары мен Қонаев қаласы кіреді. Халық санына келсек, өңірде 1 млн 400 мыңдай тұрғын бар.

Қуан Нұрақын, тілші:

Елу жылда - ел жаңа. Қонаев қаласы еліміздің картасынан орын алған жарты ғасырдан аса уақыт туристік нысан ретінде танылып келді. Енді облыс орталығына айналды. Жаңадан құрылған өңірдің өсіп, өркендеуі енді сіз бен біздің көз алдымызда өтпек.

Бұған дейін өңірді басқарған Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысының әкімі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды. Сондай-ақ, облысқа қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімі өз өтінішімен жұмыстан кетті. Қуат Сұлтанғазиев бұл шешімді ағасының өңір басшысы болып тағайындалуына байланысты қабылдаған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу