Украинадағы жағдай осы аптада да әлем назарынан түскен жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы жағдай осы аптада да әлем назарынан түскен жоқ

12.06.2022

Украинадағы жағдай осы аптада да әлем назарынан түскен жоқ. Қазір басты шайқас Донбасс үшін жүріп жатыр. Ал, Херсон және Запорожье облыстарында жергілікті армия жауланған территорияларды қайтаруға кірісті. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде Украина қоймаларында 25 миллион тонна бидай жиналып қалды. Оны әлемдік нарыққа жеткізуге Қара теңіз порттарының блокадаға алынуы кедергі. Біріккен Ұлттар Ұйымының ескертуінше, осы проблема кесірінен қазір жер-жаһанда миллиондаған адамға аштықтан қырылу қаупі төніп тұр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Осы аптада да Украинаның шығысындағы Северодонецк және Лисичанск үшін кескілескен шайқас бір сәтке толастаған жоқ. Екі қала – Луганск облысында Мәскеудің бақылауына өтпеген соңғы территориялар.

Луганск басшылығының хабарлауынша, Североднецктің индустриалдық ауданы – украиналықтардың бақылауында. Кейбір мәліметтерге қарағанда, мұндағы «Азот» зауытына 800-дей адам жасырынып отыр. Сонымен қатар, оған украиналық 300-400 сарбаз бекінді деген мәлімет бар.

Ресей қарулы күштері қақтығыстың алғашқы күндері Херсон облысын толық, ал Запорожье аймағының бірталай бөлігін басып алған еді. Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Украина қазір сол территорияларды қайтара бастады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Украина әскері Херсон облысының аумағын біртіндеп азат етіп жатыр. Бүгінде мемлекетімізге қайтарылған елді мекендер қатарына Таврийске ауылы қосылды. Запорожье облысында да біраз табыстарға қол жеткіздік. Ал, Северодонецк қаласында көше шайқастар тоқтаған жоқ. Мен апталар бойы жаудың жылжуын тежеп, қорғанысымызды берік ұстай алған барлық ерлеріміз бен әйелдерімізді мақтан тұтамын.

Зеленский ұлтқа жолдаған үндеуінде бұл қарулы жанжалдың қашан аяқталатынын білмейтінін, бірақ Украинаның Ресейді осы істері үшін қатты өкіндіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті.

Британия қорғаныс министрлігінің дерегінше, Ресей қаруы азайғандықтан, қазір Украинада әскери кемелерді жоюға арналған және адамдарды жаппай қырғынға ұшырата алатын зымырандарды құрлықта қолдануға кірісті. Ал, Украинаның совет армиясынан қалған арсеналы мен оқ-дәрісі таусылуға жақын. Сондықтан, Киев Батыстан әлі талай көмек сұрауы мүмкін.

Қазір АҚШ-пен бірге Германия да Украинаны қолдауды күшейтуге кірісті. Берлиннің Ресей тоқтағанша, Украинаны қаруландыруды доғармайтынын неміс үкіметінің жетекшісі осы аптада Вильнюске жасаған сапарында ескертті.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

Біз Украинаны қару-жарақ жеткізу арқылы қолдауды жалғастырамыз. Германия мұндай көмекті басқаларға қарағанда қарқынды түрде көрсетеді. Және де біз Ресейге тойтарыс беру үшін осынау істі қажетінше жалғастыра береміз.

Немістің «Бильд» журналының хабарлауынша, Олаф пен Франция және Италия лидерлері осы айдың соңында Киевке сапар шегеді. Олар әскери жанжал басталғалы әлі Украинаға барған жоқ.

Есесіне сенбі күні Киевке Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен екінші рет барып, Зеленскиймен кездесті. Оның мәлімдеуінше, Украинаны Еуропа одағына кандидаттығы жайлы аймақ лидерлерінің пікірлері келесі аптаның соңында жарияланады.

Тәртіп бойынша, одақтың барлық 27 елі Украинаға кандидат мәртебесін беруге келісуі керек. Содан кейін Киевтен интеграциялық блокқа кірер алдында талап етілетін реформалар туралы ауқымды келіссөздер басталады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропа комиссиясының президенті:

Сіздер заң үстемдігін нығайтуда көп еңбек еттіңіздер. Бірақ, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін әлі де реформалар қажет болады.

Батыс пен Украина үкіметінің сөзінше, Ресей Украинада миллиондаған тонна астықты ұрлап, әлемді азық-түлік дағдарысына ұшыратып отыр. Алайда, Мәскеу өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып, ондаған миллион адамға төнген ашаршылық қаупі үшін Батыстың санкцияларын кінәлады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Украина қоймаларында 25 миллион тонна бидай жиналып қалған. Олардың халықаралық нарыққа жетуіне Ресей әскерінің Қара теңіздегі порттарды блокадаға алуы себепші.

Айта кетсек, осыған дейін дүниежүзіне қажетті астықтың үштен бір бөлігі Украина мен Ресей импортталған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу