Украинаның Северодонецк қаласында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Ресей әскері қаладағы екі көпірді қиратқан. Украина әскері мұндағы өнеркәсіптік ауданды бақылауда ұстап отыр. Елдің батысындағы қалада зымырандар соққысынан 22 бейбіт тұрғын жараланды. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған жуырда Украина және Ресей президенттерімен кездесіп, астық экспорттау мәселесін талқылайтынын мәлімдеді. Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Северодонецк үшін шайқас жүріп жатыр
Донбасс үшін шайқас жалғасып жатыр. Северодонецкіде жағдай күрделі. Украина армиясы қала орталығынан ығыстырылды. Ресей күштері мұнда екі көпірді қиратып, үшіншісін бомбалауға кіріскен. Жергілікті билік Ресей адамдарды эвакуациялауға және қосымша әскер әкелуге мүмкіндік бермеу үшін Северодонецкіні толықтай оқшаулауды көздейді деп мәлімдеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, мұндағы «Азот» зауытына 800-дей бейбіт тұрғын жасырынып отыр. Сонымен қатар, онда украиналық 400-ге жуық сарбаз бар.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
Басқыншылардың негізгі тактикалық мақсаты өзгерген жоқ. Олар Северодонецкіге шабуылды күшейтті. Қаланың әр метрі үшін кескілескен шайқас жүріп жатыр. Сонымен бірге Лисичанск, Бахмут пен Славянск бағытында да қысымды арттыра түскен.
Ал Украинаның батысындағы Чортков қаласында Ресейдің «Калибр» зымырандарының соққысынан 22 бейбіт тұрғын жараланды. Бірнеше үй мен газ құбырына зақым келген. Ресейдің қорғаныс министрлігі де қалаға дәлдеп тиетін ракеталармен соққы бергенін растады.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
Теңізден жоғары дәлдікпен алыс қашықтыққа жететін «Калибр» зымырандары Киев режиміне АҚШ пен Еуропа елдерінен жеткізілген танкке қарсы зымыран кешендерінің, портативті зениттік зымыран кешендерінің және артиллериялық снарядтардың үлкен қоймасын жойды. Екі командалық пунктке, әскери техника шоғырланған 15 нысанға соққы берілді.
«Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, Ресей армиясы артиллерия жағынан басымдық танытып, алға жылжып келеді. Ал, Украинаның совет армиясынан қалған арсеналға арналған оқ-дәрісі таусылуға жақын. Батыс берген қару Ресейдің Украинаға шоғырландырған әскери техникасынан әлдеқайда аз. Зеленский одақтастарынан заманауи қорғаныс жүйелерін жеткізуді сұрады. Оның айтуынша, қарулы қақтығыс басталғалы Украина жеріне 2600-ден астам қанатты зымыран құлаған.
Қоймаларда миллиондаған тонна астық жиналып қалған
Украинадағы қарулы қақтығыс азық-түлік дағдарысына әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік сауда ұйымы осылай деп мәлімдеді. Айта кетсек, осыған дейін әлем елдеріне қажетті астықтың үштен бір бөлігі Украина мен Ресейден импортталған. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Украина қоймаларында 25 миллион тонна бидай жиналып қалған. Ресей өнімнің халықаралық нарыққа жетуіне Қара теңіздегі порттарды блокадаға алу арқылы тосқауыл қойып отыр.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған болса, Украина астығын сыртқа шығаруға қауіпсіз дәліздер ашу үшін Путинмен және Зеленскиймен келіссөз өткізуге ниетті екенін мәлімдеді.
Арай Төлегенқызы