Кеше футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы тағы да 3 ұпайға қол жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеше футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы тағы да 3 ұпайға қол жеткізді

14.06.2022

Елордадағы тарихи жеңіс. Кеше футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы тағы да үш ұпайға қол жеткізді. УЕФА Ұлттар Лигасы аясында азулы Словакия командасын қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарын тізе бүктіріп, қазақ еліне жеңіс сыйлады.

Жеңіске деген ұмтылыс. Лық толы стадион. Үкілеген үмітін арқалаған жанкүйерлер.

Бұл ойынға қос құрама да тас-түйін дайындалды. Словакиялықтар Трнавада кеткен есені қайтаруға бекініп келген. Алайда Адиев шәкірттері қазір бабында. Қонақтар бірден шабуылға лап қойды. Шацкий өз орнында.

Қазақстан футболшылары жасыл алаңда жасындай жарқырамаса да, қарымта шабуға иек артты. Міне сондай сәттердің бірі.18-минутта Михаил Габышевтың қапталдан әуелеткен добын Ян Вороговский қақпаға солқ еткізді. 1:0.

Бірер сәттен соң Вороговскийдің тағы бір ұрымтал сәті болған. Алайда қақпашы допты қайырып үлгерді.

Гол жіберіп алған соң қонақтар шабуылын үдете түсті. Біздің жігіттер жасымады. Жеңіске деген жігер қайта қарымта айланы қалт жібермеуге жетеледі. 39-минутта Асхат Тағыберген оң қапталдан допты айып алаңына асырған. Эльхан Астанов допты баспен қақпаға шегелей салды. 2:0.

Бірінші тайм біздің еншімізде. Словакиялықтар қатты састы. Екінші таймада қамшы басты. 51-минутта Маттуш Берро біздің қақпадан саңылау тапты. Тіпті бастырмалатып, бірінен соң бірі қазақ қақпасына допты қақырата тепті. Бұндай сәттерде тас қамал Игорь Шацкий ерледі.

Ойын соңында қонақтардың жүйкесі сыр бере бастады. Тіпті қызыл қағаз алып, алаңнан қуылғаны да болды.

Есеп өзгерген жоқ. 2:1. Тартысты өткен матчтағы тарихи жеңіс.

Қазақстан құрамасы осылайша соңғы 4 матчта үш жеңіске қол жеткізді. Бір ойын тең. Есесіне есеп түгел. Ұлттар Лигасында 10 ұпаймен көш бастап келеміз. Енді келесі матчтар қыркүйекте болады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу