Түркістан облысында 126 мың гектар аумақтағы көкөніс пен бау-бақша қурап кетудің аз ақ алдында тұр. Сырдария өзенін жағалай орналасқан төрт ауданда ағын су тапшы. Диқандардың сөзінше, жауапты мамандар Шардарадан «Көксарай» су реттегішіне су жібермей қойған. Тіршілік нәрі Сырдария арқылы Қызылорда облысына жіберіліп жатқан көрінеді.
Жетісайлық шаруа Набаткүл Байтанаева ұсақ шаруалардан құралған кооперативке жетекшілік етеді. 369 гектар алқапқа мақта еккен. Былтыр шілде, тамыз айларында Маш каналы арқылы Сырдан бір құлақ та су ала алмағанын айтады. Биыл да тіршілік нәрінен тарығып, шығынға батудың аз-ақ тұрмыз деп ашынады.
Набаткүл Байтанаева, Қожалық төрағасы:
Қызылорда облысына 300 мың текше метр су жіберілсін. Қалғаны Шардараға жиналып тұрсын дедік. Неге десеңіз ертең жазда бізге керек қой су. Қазір барлық су дарияға кетіп жатыр. Енді 20 күнде бізге су керек кезде су таусылып қалайын деп отыр.
Судан тапшылық көрген Арыс, Шардара, Отырар және Жетісай ауданының шаруалары Көксарайға жиналды. Талап біреу - Шардара су қоймасы арқылы суды реттегішке босатып, егіндікке су берілсін дейді. Тіршілік нәрінен тарыққандар жауапты министрлік пен Су ресурстары комитеті Сырдария өзеніндегі суды түгелдей Қызылорда облысына жіберіп, шаруаларды сусыз қалдырды деп айыптайды.
Жасан Сақ, шаруа:
Көксарайға су жіберілетін болса, 10 мың гектар жер су ішеді осыдан. Солардың көбі қазір егіп алып, шығынға батып отыр. Қазір су ала алмастан қор болып, диқандар жылап келіп отыр. Істеген еңбегіміз далада қала ма, осыны қалай шешеміз деп.
Көксарай су реттегіші о баста Сырдариядағы артық суды жинап, шаруалардың егініне беруге және жаз айларында Қызылорда облысын сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған . Алайда биылғы көктемде жауын-шашын көп болғанымен, шаруалар үшін Көксарайдан қайран болмады.
Сүйеубек Ділдәбеков, шаруа:
Судың бойында отырып, мүлдем су ала алмаймыз. Біз үкіметтен қол жайып ақша сұраған жоқпыз. Бала-шағамызды бағып, күн көру үшін су сұрадық. Сол суды берсін, сонда қаншама халық осында бойында күнін көреді.
Қазір Шардара су қоймасына 4 млрд 700 млн текше метр су жиналған. Оның 1 млрд текше метрі халықты ауызсумен қамтуға жұмсалады. 800 млн текше метрі аудан шаруаларына тиесілі. Тағы 200 млны Жетісайға берілуі тиіс. Шаруалар қалған суды осы бастан үнемдеуді сұрап отыр. Өйткені дәл қазіргідей Сырдария өзеніне секундына 550 текше метр су жіберілетін болса, қоймадағы су 1 айда таусылуы мүмкін. Жалпы Сырдың суын бөлуге қатысты дау өткен жылдан бері ушығып тұр. Өңірдің ауыл шаруашылығына жауапты басшылары жағдайдың қаншалықты өзекті екенін бірнеше рет көтерген.
Нұрбек Бадырақов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Шардара су қоймасы 4,2 млрд болды. Көксарайға жинаңыздар, тасиды мынау ертең дедік. Берсеңдерші бұл кісілер суғарып алсын артық су бар кезде. Берген жоқ. 2 күннің ішінде амал жоқ, 120 кубқа көтерді. Шардарадан төменге қарай 1 млрд су ысырапқа кетті.
Бұл мәселеге орай арнайы құрылған комиссия мәселені бір аптада шешеміз деп уәде бергенімен одан нәтиже шықпай тұр. Енді Елордаға қарап елеңдеген шаруалар еститін үкіметтен үміт күтеді.
Айнұр Ақбаева