Қазақстан олигополия және олигархиялық жүйемен қош айтысуы керек. Мейлі ол экономика, мейлі саясатта болсын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік арнаға берген сұхбатында елдегі реформалар туралы кеңінен айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанның формуласы, қаңтар оқиғасы мен санкция жағдайындағы Қазақстан мен Ресейдің достығы тақырыбындағы сауалдарға нақты жауап берді.
Қазір әлемдегі нөмірі бірінші тақырып Ресей мен Украинаның қақтығысы. Батыс елдері алып көршімізді санкциямен қыспаққа алып жатыр. Дегенмен бұл құдай қосқан көршімен достық пейілдегі қарым-қатынасқа әсер етпейді. Санкция деген өгізді де өлтірмей, экономикалық байланыс деген арбаны да сындырмай екі жақты қарым-қатынас дами бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ресей үкіметімен жұмысты жалғастырып жатқанымызды атап өткім келеді. Тіпті санкцияларды бұзбай-ақ қажетті келісімдерге қол жеткізіп жатырмыз. Күрделі сұрақтар да бар. Олар осы немесе басқа жағдайды қалай шешуге болатынын түсіну үшін уақытты қажет етеді. Дегенмен бұл мәселелердің де шешімін тауып жатырмыз.
Мемлекет басшысы Қазақстанда қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан да ана тілінде баласын балабақша мен мектепке бергісі келетін адамдардың жағдайын жасауымыз керек деді. Дегенмен бұл орыс тілінің жағдайы нашарлап жатыр деген сөз емес. Президент қаңтар кезінде ұжымдық әскердің келуіне байланысты Ресейге қарыз боп қалдық деген қаңқу әңгімеге де нақты жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кейбіреулер «Ресей Қазақстанды «құтқарды», енді Қазақстан мәңгілік Ресейге қарыз деп уәж айтады. Менің ойымша бұл мүлдем негізсіз, шындықтан алыс тұжырым. Әу бастан контингент әскери қимылдарға қатыспайды деп келістік. Расында да, ұжымдық әскер біздің елде бірде-бір оқ атқан жоқ.
Президент елдегі ауқымды реформаларға да тоқталды. Әлеуметтік әділдік орнауы тиіс деді. Дегенмен бұл бір айдың немесе бір жылдың жұмысы емес екенін де ашып айтты. Өзгерістер ақырындап, рет-ретімен жүзеге асуы тиіс. Мемлекет басшысы ретінде ел азаматтарына осы әділеттілікті қамтамасыз ету – менің міндетім деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бәрі тең болуы тиіс. «Әлеуметтік лифт» жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік лауазымға болсын, мемлекеттік компаниялардағы орындарға болсын өте қабілетті, патриот адамдарды таңдауымыз керек. Мемлекет басшысы ретінде парламент сайлауының қорытындысына тікелей ықпал ете алмаймын. Бірақ менің міндетім лайықты, қабілетті адамдар қоғамнан өз орнын тауып, болашаққа үлкен сеніммен қарайтындай, ал өсіп келе жатқан жас ұрпақ елінің болашағы зор деп ойлайтындай саяси атмосфера қалыптастыру.
Ненің әділ, ненің заңға қайшы жасалғанын халық көріп отыр деді президент. Саяси өзгерістер де қоғамның сұранысынан туындады. Референдум елдегі өзгерістердің заңды жалғасы болды. Шетелге заңсыз асырылған қаражатты елге қайтару бойынша да белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бастысы барлығы да заң аясында жүзеге асады деді Мемлекет басшысы.
Шерхан Жамбылұлы