Баянауыл ауданы, Ақши ауылының тұрғындары енді ғана басталған су құбырының құрылысы сапасыз жүргізіліп жатқанына наразы. Ал, тапсырыс беруші аудан әкімшілігі нысанның салынуына авторлық және техникалық қадағалау мамандары жауапты екенін айтады.
Ақшиде 55 үй бар. Осы ауылға орталықтандырылған су құбырын тарту үшін бюлжеттен 551 млн теңге бөлінген. Бірақ құрылыс басталысымен тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылды. Мердігер фирма жер асты суын құрғатпай құбырды лай батпаққа салып жатыр, дейді жұрт.
Сұңқар Аханов, Ақши ауылының тұрғыны:
Ең негізгі жұмыс құбырдың дұрыс жатуы жердегі. Бұл ең негізгі жұмыс. Бұлар ең жеңіл нұсқаларын таңдағылары келеді. Жердің астынан су шығып жатыр деген сылтаумен бұлар эксковатор, погрузшикпен қалай болса солай төсеп жатыр.
Былтырғы жылы Баянауыл ауданында 7 ауылға су құбыры тартылып, оның бірнешеуі мердігердің салақтығынан әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Сондықтан Ақши ауылы тұрғындары құрысты бақылайтын белсенді топ құрып алған.
Данияр Ахмедин, Ақши ауылының тұрғыны:
Технадзорлар жоқ қастарында. Бүгін келді, оған дейін болған жоқ. Қастарында көрген жоқпыз. Трубаларды салған кезде сапасы ұнамай отыр бізге енді.
Шылқыған суға салынған пластикалық құбырлар аязды күндері жарылып кетуі әбден мүмкін, дейді тұрғындар. Ал, мердігер фирма өкілдері жер астынан шыққан суды құрғату жобада қарастырылмаған дегенді алға тартады. Дегенмен тапсырыс берушінің уәжі мынау.
Руслан Мұқашев, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары:
Геодезия жұмыстары жүргізілмеген. Мен сапалы болады деп ондайды қоя алмаймын. Оның тағы айтамын, технадзоры бар, авторы бар. Және олардың кепілдіктері бар сол істелінетін жұмысқа.
Демек құрылыс осы қалпында жүргізіле бермек. Ал, оның қаншалықты сапалы боларын ауыл тұрғындары қыс түсе бірақ білмек. Естеріңізге сала кетейік, жақында Ақсу қаласында дәл осындай су құбырын салған мердігер компания өкілі, құрылыстың техникалық қадағалаушысы және тапсырыс беруші-шаһардың құрылыс бөлімінің басшысы сотталған болатын. Олар бюджет қаржысын жеп қойды деп айыпталды.
Болат Аманбаев