Ауылдың дәмі қалада. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қалалықтардың мал сатып алып, оны ауыл тұрғындарына беру жобасын осылай атау керек деді. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған вице-премьер қосалқы үй шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, бірнеше нысанды аралады.
Степногорск қаласының бірнеше тұрғыны сиыр сатып алып, оны Қарабұлақ ауылының тұрғындарына беріп қойған. Есесіне күнде таза табиғи өнімдер, үт, қаймақ, ірімшік алып отыр. Бұл ауылдық Дарья Васькоға да тиімді.
Дарья Васько, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
Несие алу қымбат. Оны қайтару керек. Ал бұл жоба арқылы мал тегін берілді. Өнімнің бір бөлігін иесіне тапсырамын. Күніне бір сиыр 10 литр сүт береді. 3 литрі иесіне кетеді. Қалғаны менікі. Жыл сайынғы төлі менде қалады. 6 жылдан кейін сиыр да менікі болады. Жем-шөбі бізден.
Ералы Тоғжанов бұл жобаны кеңейту қажет екенін айтты. Өзге өңірлерде де жүзеге асыру керек. Қарабұлақ ауылының тұрғындары кооператив ашып, өсімдік шаруашылығын қолға алған. Олар биыл 14 гектар алқапқа картоп, сәбіз, қияр, қызанақ, қызылша, орамжапырақ тіпті қарбыз да екті. Бұл көпке үлгі. Себебі жергілікті өнімдердің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді. Сондықтан жылыжайларды көбейтуге де жағдай жасау керек. Ауылдағы ағайынға кәсіпті ашу жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін жеткізу қажет. Бұл ретте ауыл әкімдерінің рөлі зор. Сондықтан қазіргі уақытта олардың біліктілігін арттыру курстары өтіп жатыр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Ең бірінші ауыл әкімінің міндеті - осы азаматтардың ауылда тұратын әл-ауқатын жақсарту. Әрбір ауылдың әкімі арнайы скрининг өткізу керек, ауылдың ашығын айтқанда мүмкіндігін терең қарастыру керек. Оның ішіндегі экономикалық мүмкіндіктерін қарастыру керек. Азаматтардың сол жерде жұмыс істеуге бағытталған нақты осы экономикалық саласындағы бағытын анықтау керек.
Премьер-министрінің орынбасары бірқатар әлеуметтік нысандарда да болды. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысымен танысты. Азық-түлік шығарып отырған кәсіпорындар да назардан тыс қалған жоқ. Бизнес өкілдері өздерін алаңдатқан сұрақтарын жеткізді.
Ермек Елберген