Елімізде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылады. Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын өткізген Президент осындай мәлімдеме жасады. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Дегенмен бұл күн Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.
2,5 сағатқа созылған Ұлттық құрылтай соңында Мұхтар Шахановқа - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне бүгін ақ шатыр орнатылды. Дәстүр жаңғырып, ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы алдымен талай тарихи оқиғаның куәсі болған Ұлытау өңірінде ұлы миссияның қайта жалғасын тапқанын атап өтті. Екінші Республиканы құруға кірістік. Осы арқылы елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады. Бірақ бұл бір күнде не бір жылда іске аспайтыны белгілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Алайда, кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Менің ойымша, бұл – дұрыс емес. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін Азия мемлекеттеріне жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және көптеген Орталық Азия мемлекеттері бар.
Елде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ Құрылтайдың орны бөлек. Бұл қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болуды көздейді. Жиынға 100-ден аса сан түрлі саланың, әр буынның өкілі келіп, ой қосты. Соның бірі белгілі математик Асқар Жұмаділдаев. Академик мемлекеттік істе сөз бен істің жақын болғанын қалайды.
Асқар Жұмаділдаев, ҰҒА академигі, ұлттық құрылтай мүшесі:
Менің пікірімше, Жаңа қазақстан үш бөліктен тұрады. Бірінші, сөз бен істің ұйқасы. Екінші, әділеттілік. Үшіншісі, жаңа ұмтылыс. Жаңа Қазақстан деген сөз ескі Қазақстанды терістеу деген сөз емес. Жаңа Қазақстан деген сөз - ескі Қазақстанның жақсысын алып, жаңа сипат беріп, халықтың игілігіне жұмсау деген сөз.
Ұлытау – барлық рудың таңбасы тасқа жазылған киелі жер. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Мұнда ескерткіш қойып, тастағы таңбалар жаңғырғанымен, бұл жеткіліксіз. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Президент Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз.
Тағы бір мәселе, құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Әрі оның мүшелерін көбейте бергеннен пайда жоқ. Президент Құрылтайдың жалпыұлттық жиынға айналу керегін баса айтты.
Сонымен бірге мұнда да цифрлық технологияның мүмкіндігін пайдалануға кеңес берді. Енді «Qurultay» деген арнайы мобильді қосымша пайда болады. Сол арқылы халық ой-пікірін онлайн режимде айта алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет.
Тарих шынайы бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады.
Бұдан былай Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылады. Президент бұл күнді мемлекет құру жолындағы қарышты қадамының символы болады деп сенеді. Есесіне Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Басты мемлекеттік мереке болып қала береді.
Әлихан Байменов, Ұлттық Құрылтай Мүшесі:
Ұлттық мерекені демалыс күнімен алмастырмау керек. Ұлттық мереке
Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселе – кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Мамандарды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әрине, мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар көп. Бірақ кейде бір құмалақтың бір қарын майды шірітеді. Президент мұндай адамға мемлекеттік қызметте орын болмауға тиіс екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар.
Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Қасым Жомарт Тоқаев ана тіліміздің тұғыры күн өткен сайын нығайып келе жатқанын еске салды. Жақында әйгілі «Аpple» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «Nickelodeоn» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «National Geographic» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша дауласуды қою керек деп ойлаймын.
Ұлытаудағы 2,5 сағатқа созылған Ұлттық құрылтай соңында Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Президент ақынға төсбелгі тақты.
Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Президент келесі жиынды киелі Түркістанда өткізуді ұсынды. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді.
Бастысы халықтың сөзі билікке ықпалды болу керек. Президент әрбір азамат саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі керек деп шегеледі. Өзгерістің бәрі әділетті қоғам құруға үміт береді. Оның үстіне әлемдік геосаяси жағдай күрделенген бұл уақыт ұлт тұтастығының құнын жоғалтпай, бірлікті сақтаудың аса маңызды екенін еске салғандай.