Түркістан облысында кәсіппен айналысқандар түрлі кедергілерден көз ашпай отыр.
Өзекті проблема өңірдің прокуратура қызметкерлері ұйымдастырған форумда сөз болды. Басқосуда қадағалау органы өкілдері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталғанын атап өтті.
Бүгінде "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалында мыңнан аса іскер азаматтың арыз шағымы қаралуда. Аймақтың бизнес өкілдері жер телімін алу мен салық төлеуде, сондай-ақ кедендік рәсімдеу мен мемлекеттік сатып алуда жиі кедергілерге тап болады. Жыл басынан осындай заңбұзушылықтарға жол берген 37 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бес мыңға тарта әкімшілік істің күші жойылып, кәсіпкерлер 103,5 млн теңгенің әкімшілік айыппұлынан босатылған.