«Қарағанды-Балқаш» жолының кестеден кешіккен құрылысы қайта қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қарағанды-Балқаш» жолының кестеден кешіккен құрылысы қайта қолға алынды

20.06.2022

«Қарағанды-Балқаш» жолының кестеден кешіккен құрылысы қайта қолға алынды. Бес жылға жоспарланған жұмыстың осы күнге дейін 50 пайызы орындалған. Құрылыс келер жылы аяқталуы тиіс. Қазір жобаға жаңа мердігер тартылған. Тұрғындар шағымы жиілеп кеткендіктен автобан бойына шыққан облыстық қоғамдық кеңес мүшелері құрылысқа жауаптыларды сынға алды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қарағанды-Балқаш тас жолының құрылысы қайта қолға алынды. Соңғы 6 айда мұнда дұрыс жұмыс жүрмеген еді. Жұмысына жауапсыз қараған мердігерлік компания шеттетіліп, қазір өзгесі келген. Олар бір апта ішінде 12 шақырым асфальт төсеген.

Күре жолдың ұзындығы 363 шақырым. Қазір соның бойында 15 үлкен айналма жол бар. Автобанның қос жолағын асфальттап, көлік қозғалысы үшін ашамыз деген уәде екі жылдан бері айтылып келеді. Алайда жүргізушілер әлі шаң қауып жүр.

Абзал Шәріпбай, көлік жүргізушісі:

Жол нашар, жүре алмаймыз. Доңғалақтың барлығын жарып келе жатырмыз. Бұл жол қашан бітеді айналайындар-ау. Бұрын енді 1,5 күнде кіретінбіз. Қазір 2-3 күн қонамыз. Бүгін міне, үшінші күні кетіп бара жатырмыз.

Жолдың әсіресе Нұраталды мен Қызылқой ауылдары аралығындағы 25 шақырым учаскесі нашар. Жұмысына жауапсызн қараған компания құрылыстан шеттетілген.

Марат Түсіпов, Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

Көрші елдермен жүріп тұратын негізгі күрежол болғандықтан бұл қадағалаудан тыс қалмау керек. Алдыңғы мердігердің қателіктерінен осындай кемшіліктер болған. Оған 50 миллион теңгеден астам айыппұл міндеттелген екен. Оны соңына дейін қадағалау керек. Сондай-ақ субподрядчиктер негізгі мердігерден қаражат алған кезде 56 күнге дейін созылып кетеді екен. Бұл да енді қиындық тудырады.

Берік Жайсаңбаев, жоба жетекшісі:

Өзіміздің ресурстармен, фирманың күшімен салып жатырмыз. Әлі финансирование болған жоқ. Бірақ осы 1-2 күнде шешіледі деген ақпарат бар. Июльдің 15-не дейін пландап жатырмыз бір полоса беруге. Ал строительный сезонның аяғына дейін екі полоса, екі направлениемен біз береміз.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері Балқашқа дейінгі жолдың әлі 50 пайызы ғана салынғанын айтты. Екі жыл қатарынан болған пандемия, құрылыс материалдарының шарықтауы салдарынан жобаның сметалық құжатында көрсетілген қаражат 30 пайызға өсіп кеткен. Құрылыс барысы Ұлттық сапа орталығы мен қоғамдық кеңес мүшелерінің жіті бақылауында болады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу