Шетелдік инвестиция алдағы төрт жылда 25,5 млрд долларға артады – Әлихан Смайылов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік инвестиция алдағы төрт жылда 25,5 млрд долларға артады – Әлихан Смайылов

23.06.2022

Үкімет 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасын бекітті. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген. Кешенді іс-шаралар аясында алдағы 4 жылда шетелдік инвестиция ағыны 25,5 млрд долларға артады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазір елдегі инвестициялар өсімі пандемияға дейінгі деңгейге жеткендігін айтты.

Биылғы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5%-ға өскен. Өңірлер арасында Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары көш бастап тұр. Ал Түркістан және Қарағанды облыстарында көрсеткіш төмен. Салалар бойынша шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі өнеркәсіпте, саудада, қаржы және сақтандыру қызметінде, көлік пен құрылыста тіркеліп отыр.

Үкімет басшысы Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін қолайлы ел екендігін және Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрғанын баста айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Осы позицияны нақты түсініп, шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуы тиіс.


Хабарламаларға жазылу