«Сбербанктің» еліміздегі еншілес компаниясын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сатып алуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сбербанктің» еліміздегі еншілес компаниясын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сатып алуы мүмкін

23.06.2022

Ресейлік «Сбербанктің» еліміздегі еншілес компаниясын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сатып алуы мүмкін.

Ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова растады. Банкті сату туралы шешім «Сбербанк Ресей» жария акционерлік қоғамына санкциялық шектеулерге байланысты қабылданғанын айтты. Егер тараптар келісімге келіп, мәміле жасалса, акциялар толығымен сатып алушыға берілетінін жеткізді. Сонымен бірге бұл жаңа банктік лицензияны талап етпейді. Тек акционері ғана өзгереді.

Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Холдинг құрамына 8 еншілес ұйым кіреді: «Қазақстанның даму банкі», «Отбасы банк», «Даму› өнеркәсіптік даму қоры, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы», «Kazakh Export», «Қазына Капитал Менеджмент», «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы».

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

Шынында да, қазір Қазақстандағы «Сбербанкті» сату мәселесі талқыланып жатыр. Ресейде бұл банкке санкция салынғандықтан банк шетелдік валюталарда операция жасай алмайды. Шетелдік корреспондент-банктердегі шоттары жабылып, жаңа қаржыландыруды тарту мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты «Сбербанк Ресей» өзінің еншілес ұйымын Қазақстанда сату туралы шешім қабылдады.


Хабарламаларға жазылу