«Таразға тарту» жобасынан шу шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таразға тарту» жобасынан шу шықты

24.06.2022

«Таразға тарту» жобасынан шу шықты. Қала орталығына былтыр балалар алаңшасын салған құрылысшылар ондағы балалар ойнайтын жабдықтарды қайта бұзып алды. Әкімдікпен ауызша келіскен олар бұл қадамға амалымыздың жоғынан бардық, дейді. Өйткені, бір жылдан бері құрғақ уәде беріп келген әкімдік, құрылысшыларға 6 миллион теңге қарыз болып шықты. 

Бұл былтыр Абай және Байзақ батыр көшесінің қиылысына салынған Тараз қаласына Меркі ауданы әкімдігінің тартуы. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бастама құрылысы, демеушілердің көмегімен жүргізілген. Бірақ аудан әкімдігі сый-тартудың қаржысын жергілікті құрылысшылармен өздері келіскен. Алайда іс бітіп, нысан тапсырылған соң ақы төлеуге келгенде түрлі сылтау айтып созбалаңға салған. Содан бері бір жыл уақыт өтіпті. Енді құрылыс істеген 15 жігіт екі күннен бері ойын алаңшасын қайта бұзып алып жатыр.

Бекнұр Қонысалиев, құрылысшы:

Меркі ауданы әкімімен келістік оны. Әкім мырза қарап, түгел өзім жауап берем деген. Ауыз ба ауыз келістік. Ақшамызды береміз деді. Бермеді, енді қалған нәрсені, нысанды бұзып алып кетеміз түгел тазалап. Қойған нәрсемізді түгел алып кетеміз.

Нысан пайдаға берілген соң әкімдік меншігінен қала тазалығына жауапты «Жасыл ел – Тараз» серіктестігіне өту қажет екен. Сол себепті мекеме басшысы құзырлы органға «ұрлау» фактісі бойынша шағым түсіргенін айтты. Ал Меркі аудан әкімдігі тек жазбаша жауап қайырды. Жұмысшылардың алдында қарыз мәселесі бойынша заңды міндеттеме жоқ. Азаматтардыңәрекетін «өзінше билік ету» деп бағалаймыз деді. 

Азамат Әбішев, «Жасыл ел – Тараз» ЖШС директоры:

Тапсырыс беруші біз емеспіз. Ол жерде біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Біз ұрлану фактісі бойынша құзырлы огандарға хабарлама бердік. Әрі қарай сол кісілер жұмыс жасайды. Соның нәтижесін күтеміз.

Хабарламаларға жазылу