Түркістан облысы: 4 ауылға газ жеткізілмеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы: 4 ауылға газ жеткізілмеді

24.06.2022

Түркістан облысы Келес ауданының орталығы мен 4 елді мекенге табиғи газ желісі тартылғанымен ауылдағы ағайын әлі күнге оның игілігін көре алмай отыр. Құбырдың өзі бар да, ішінде газы жоқ. Бітпеген іске байланысты атқарушы билік әлі күнге құрғақ уәде берумен келеді.

Қошқарата ауылында тұратын Сейдәзімовтер отбасы қарызданып, қауғаланып жүріп былтыр үйі ішіне газ құбырын жүргізді. Шығынданып, қазандық та орнатты. Енді бәрі де құр әшейін сәндік үшін қойғандай боп, пайдаға аспай тұр. Қыс бойы бұрынғыдай көмір жағып, күл шығарады.

Қанат Сейдәзімов, ауыл тұрғыны:

Міне көріп отырсыздар қысқа дайынды осы жаздыкүні дайындаймыз. Ағашты аламыз, қырқамыз, кесеміз. Қалай қыс келді 2 бөлемеге тығыламыз. Өзімнің 4 бала шағам бар.

Бір ғана Қошқарата аулының өзінде 500-ге тарта үй бар. Көгілдір отын жағып, қолымыз ұзарады деген жұрттың көңілі қазір су сепкендей басылып қалған. Қазынадан бөлінген 304 миллион теңге толық игерілсе де пайдасын көрген халық жоқ. Аудан орталығы Абай ауылындағы кейіннен бой көтерген аймақтардың тұрғындары да көгілдір отыннан күдер үзе бастаған.

Айбек Исмайлов, ауыл тұрғыны:

Былтыр жылдың аяғында құрылыс жұмыстары жүріп газ тартылды. Ары қарай газ берілген жоқ. Қосылады деп жатыр. Әлі құжаты дайын емес. Оны біз емес, ЖКХ дайындайды.

Жергілікті биліктің айтуынша бұл проблемаға алдымен жаңа газ тарату стансасы құрылысының аяқталамуы себеп. Ал ескі стансаның сағатына 5 мың текше метр көгілдір отын таратуға ғана қауқары жетеді. Қазір ол өз мүмкіндігінен үш есе артық жұмыс істеуде.

Мұхтар Байғұлов, Келес аудандық түкш және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

Соғып жатқан АГРС-тың қуаттылығы 30 мың куб сағатына. Қазіргі уақытта ең соңғы қалдық қаржысы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін толығымен тапсырамыз.

Жаңа газтарату стансасының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Егер ол пайдалануға берілсе газ желісі тартылған барлық ауылға көгілдір отын емін еркін жетеді. Және 10 мың текше метрді артық сақтауға мүмкіндігі бар.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу