Байланыс және ақпарат қызметкерлеріне Президент гранты табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байланыс және ақпарат қызметкерлеріне Президент гранты табысталды

25.06.2022

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында үздік журналистерге Мемлекет басшысының сыйлықтары мен гранттары табысталды.

1997 жылдан бері үздіксіз беріліп отырған марапатты бүгін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева тапсырды.

Салтанатты жиында Ұлттық арнаның директоры, белгілі журналист Еркін Таңатқанұлы «Қазақстан журналистикасының және бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қосқан үлесі» үшін Президент сыйлығымен марапатталды. Еңбек жолын қарапайым тілшіден бастаған ол ақпараттық-саяси бағдарламаларды жүргізіп, білікті медиа менеджер ретінде, отандық БАҚ саласына өз үлесін қосып келеді.

Сонымен қатар радио саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақ радиосының» бас редакторы Дулат Абибуллаев та сый-сияпатқа ие болды.

Бұдан бөлек, Ұлттық арна эфирінен шығатын «Ашық алаң» ток шоуы мен «Астана» радиосының ұжымына елеулі еңбектері үшін Президенттің алғыс хаты табысталды.

Еркін Таңатқанұлы, «Qazaqstan» телеарнасының директоры:

Менен бұрын анам мен бауырларым қуанып жатқан шығар. Бұл сыйлықтың бір ерекшелігі – өзіңді ұсына алмайсың, сені ұжымың ұсынады. Осы ретте біздің корпорация басшылығына, атап айтқанда Ләззат Мұратқызына, қолдаған барша азаматтарға рахметімді айтамын. Еңбек! Ақырын жүріп анық бассаң, кез-келген дүниеге қолың жетеді.

Дулат Абибуллаев, «Қазақ радиолары» ЖШС бас редакторы:

Былтыр Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған ұлттың үнжариясы – «Қазақ радиосының» құрметіне 1 қазанды Қазақстандық радио күні деп бекітті. Бұл – мемлекет тарапынан радиоға көрсетілген үлкен құрмет, сенім, жүктелген міндет.

Хабарламаларға жазылу