Алматыда орыс жігіті өзге ұлттарға қазақ тілін үйретіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда орыс жігіті өзге ұлттарға қазақ тілін үйретіп жүр

25.06.2022

Алматыда орыс ұлтының өкілі өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүр. Тіпті, Америка, Африка мен Еуропадан келген туристер де ана тілімізге қызығушылық таныта бастаған.

Алексей Скало-зубов осыдан екі ай бұрын мемлекеттік тілді үйрететін клуб ашқан. Бүгінде оған қатысушылардың саны күн санап артып келеді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мұнда түрлі ұлт өкілдері жиналған. Олардың барлығын бір ғана мақсат біріктіріп тұр, мемлекеттік тілді меңгеру. Клуб мүшелерінің сөзінше, Алматыда ағылшын, неміс тілдерін тегін үйрететін үйірмелер бар бірақ, қазақ тілін тегін үйрететін тегін үйірме жоқ. Сондықтан бұл олар үшін таптырмас мүмкіндік.

Эльвира Насированың қазақ тілін үйреніп жүргеніне екі айға жуықтаған. Бұған дейін басқа үйірмелерге қатысқан, бірақ біршама қиындықтарға тап болған. Ал, «Батыл бол» клубында қатысушыларға еркіндік беріліп, сабақ ерекше форматта өтеді.

Эльвира Насирова, клуб мүшесі:

Бұл жерде көптеген қызық адамдарды кездестірдім және бағдарламасы өте қызық. Дүкенге барғанда, автобуста жүргенде немесе дәмханаға барғанда қалай тапсырыс беру керектігін үйрендім.

Ал Яковтің достарының, таныстарының басым бөлігі қазақтар екен. Сондықтан қазақ тілін үйреніп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен тереңірек танысқым келеді дейді. Тіпті, өз есімін Жақып деп өзгертуді ойлап жүр.

Яков Варонсов, клуб мүшесі:

Қазақ тілі бізді біріктіреді. Қазақ тілі өте күрделі әрі қызықты тіл. Басы қатты болса, аяғы тәтті келеді.

Клубтың негізін қалаушы Ақмола облысының тумасы – Алексей Скалозубов. Ол жастайынан қазақ тілін меңгеріп, күнделікті өмірде қолдануды армандаған. Бірақ, туған қаласында онымен қазақша сөйлесетіндер саусақпен санарлықтай еді. Сондықтан да алғыр жігіт Алматыға жол тартады. Қазір оның үйірмесіне келушілер саны күн санап артып келеді.

Алексей Скалозубов, клубтың негізін қалаушы:

Бізге әртүрлі ұлт өкілдері келеді. Неміс, орыс, украин, корей, өзбектер де бар. Олар үшін бұл өте жақсы орын, тегін әрі оңай орталық.

Алексей қазақ тілін жетік меңгере қойған жоқ. Десе де, барынша талпынып жүр. Клуб мүшелерімен араласу арқылы білімін жетілдіреді. Үйірменің бір ерекшелегі, қатысушылар күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым диалогтармен сөйлеседі. Оларға бұл істе волонтерлер қолқабыс етіп жүр. Сабақтан кейін барлығы қосылып, қазақ әндерін шырқайды.

Қазір клуб мүшелерінің басым бөлігі қоғамдық орындарда қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға тырысады. Алексейдің ендігі мақсаты – Нұр-Сұлтан, Орал, Тараз сынды бірнеше қалада ана тілімізді тегін үйрететін клубтар ашу.

Хабарламаларға жазылу