Бүгін таңертең Киевте көп қабатты тұрғын үйдің үстінен зымыран түсіп, ғимарат отқа оранды. Үйдің жоғарғы 3 қабаты қираған. Екі адам ауруханаға жеткізілді, әйтсе де үйінді астында әлі де адамдар бар. Тағы бір снаряд балабақшаға тиген. Кей ақпарат көзі жойқын шабуылды Ресейдің әуе-ғарыш күштері жасағанын жазады. Ал Украинаның Қарулы күштері Киевке шабуыл Каспий теңізінен Ресейдің дәлдігі жоғары әрі қымбат зымыранынан жасалғанын мәлімдеді. Алғашқы дерекке сенсек, Киевке 4-6 ракета жіберілген, оның екеуін Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері атып түсіріпті. Билік Киевке әлі де шабуыл болуы мүмкін екенін айтып, тұрғындарды сақтануға шақырды.
Ал Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу бүгін алғаш рет Украинадағы Ресей әскерімен кездесті. Министрдің дәл қай жерде болғаны белгісіз. Ресей ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, ол команда пунктерінде болып, қолбасшылардың баяндамасын тыңдаған. Әрі кей әскери қызметкерлерге медаль мен ордендер табыстаған. Шойгудың алғашқы сапары Северодонецк қаласын басып алғаннан кейін болып отыр.
Украинадағы жағдай ушыққан сайын әлемде азық-түлік мәселесі де күрделеніп кетті. Азық-түлікті жеткізу бойынша бұрынғы желі бұзылып қалды. Проблема дереу шешілмесе, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогында осы проблемаға кеңірек тоқталды. Мәселен, қазір елімізде қант қат. Бұған қатысты материал әзірледік. Сәлден соң тоқталамыз. Әзірге әңгіме Брикс туралы. Әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушілердің төрттен үші осы БРИКС елдері және Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы бойынша жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік өнімнің жартысынан асады. Ал қазіргі азық-түлік дағдарысынан тезірек шығу үшін қысқа және ұзақ мерзімді халықаралық шаралар үйлесімді болуы керек, - деді Тоқаев.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті мол. Соны ұтымды пайдаланған жөн. Тек алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жүйесін реттеу керек. Инфляция да қысып барады. Қарызға батқан мемлекеттер, бизнеске, жалпы, әлемге бұл жағдай ауыр тиіп тұр. Қазақстанның ұсынысы мынадай:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы «аралық нарық» ретінде пайдасын тигізе алады. Ұзақ мерзімді перспективада бізге ашық, әділ, өзара үйлесімді әрі орнықты жаһандық экономиканы сақтап қалу керек. Бұл ретте, өсім мен өзара байланыстылықтың жаңа дәуіріне жол ашатын БРИКС+ және «Бір – белдеу, бір – жол», сондай-ақ Үлкен Еуразиялық серіктестік бастамаларының мол әлеуеті бар екенін көріп отырмын.
Атап өтерлігі, Брикстің онлайн отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен қатысты. Бұдан бөлек, Ресей, Оңтүстік Африка, Аргентина, Мысыр, Индонезия, Иран, Өзбекстан президенттері мен бірнеше мемлекеттің премьер-министрлері болды.