Түркістан музыкалық драма театры алғашқы маусымын Дулат Исабековтың «Бөрте» пьесасымен жапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан музыкалық драма театры алғашқы маусымын Дулат Исабековтың «Бөрте» пьесасымен жапты

27.06.2022

Түркістан музыкалық драма театры алғашқы маусымын Дулат Исабековтың «Бөрте» пьесасымен жапты. Театр былтыр қазан айында өз шымылдығын осы қойылыммен ашқан. Содан бері бұл пьева көрерменнің іздеп жүріп көретін сүйікті спектакльіне айналды. Өнер ұжымы сегіз айда төрт қойылымды сахналаған. Арасында елімізде алғаш рет сахналанған «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық драмасы да бар.

Бөрте- әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның алғашқы әйелі екені тарихтан мәлім. Бөртеге арналған шығарма қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылды. Сахнаның декорациясы шынайлығымен, ал киімдері тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындығымен ерекшеленді. Осы уақыт аралығында «Бөрте» 20 рет жұрт назарына ұсылып, 12 мың көрермен тамашалады. Басты рөлдерді елімізге танымал кино және театрдың кәсіби әртістері сомдады.

Әділ Ахметов, актер:

«Бөрте» қойылымында Тұғырлы хан, «Махаббат мұнарасында» суретшінің рөлін сомдадым. Осы күнге дейін біраз қойылымдарға атсалысып келемін. Осы театрдың қалыптасуына, дамуына тамшыдай болса да үлесімді қосып жүргеніме қуанамын.

Бұдан бөлек, «Фариза», «Махаббат мұнарасы» және «Қорқыт туралы аңыз» қойылымдары сахналаға жол тартты. Оларды да халық жылы қабылдап, көрерменнің көзайымына айналды. Жалпы театр ашылғалы мұнда 4 жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Оны 18 мыңға жуық адам көріп, ризашылықтарын білдірді.

Сымбат Рахметова, Түркістан қаласының тұрғыны:

«Бөртеге» екі рет келдік. «Қорқыт» бабамыздың өойылымына келдік. Өте керемет. Керемет әсер алдық. Театр деген адамның ой өрісін дамытатын, сондай керемет жер.

Айнұр Көпбасарова, театрдың директоры, әрі көркемдік жетекшісі:

Болашақта да алдыға қойған жоспарларымыздың ішінде жаңа туындыларға, заманауи қойылымдарға ден қойып отырмыз. Және де өз көрермендерімізді жаңалықтармен, жаңа дүниелермен театрымызға келуге шақырамыз.

Театр ұжымы тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласының Астана опера театрына гастрөлдік сапармен барып, «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін сахналайтын болады. Ал, түркістандық көрермендерге қыркүйек айында жаңа маусымда жаңа премьералар ұсынады деп күтілуде.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу