Алматы облысындағы тәртіп сақшыларының 1000-ға жуығы – нәзік жандылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы тәртіп сақшыларының 1000-ға жуығы – нәзік жандылар

01.07.2022

Алматы облысында 6 мыңға тарта тәртіп сақшысы болса, олардың мыңға жуығы нәзік жандылар. Ал 260 ару департаменттің офицерлік құрамында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы ерлермен иық теңестіріп, антына адал қызмет етіп жатқан полицей қыз-келіншектермен тілдесіп қайтты. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Әсем Мұхамадиеваның полицей болу бала күнгі арманы. Себебі оның әкесі де тәртіп сақшысы болған. Еңбек жолын аудандық бөлімнен бастаған бойжеткен қазір подполковник шенінде ерекше тапсырмаларды орындап келеді. Негізігі жұмысы кеңседе болса да, қазіргі полиция қызметкеріне қойылатын талап биігінен шыға білген жан. 
Атуға берілген бес оқтың бәрі де нысанаға дөп тиді. Әсем қару атудан облыста ғана емес, республикада үздік.

Әсем Мұхамадиева, Алматы облыстық ПД кадр саясаты басқармасының аға инспекторы:

Жоспарға сәйкес оқу жаттығулар өткізіледі. Сол сабақтарға үнемі қатысамыз. Өзіме ату ұнайды. Әр төтенше жағдайларға біз дайын болуымыз керек. Сондықтан әрқашан дайындалып тұрамыз. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Ал майор Балғын Кариева криминалдық полицияда аса құпия құжаттармен жұмыс істейді. Жауапкершілік жүгі ауыр. Десе де ол департаменттің бұлбұлы. Ішкі істер министрлігі ұйымдастыратын парасатты полицей байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Балғын Кариева, Алматы облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

Оңай жұмыс болмайды ғой. Жұмыстың бәрі қиын. Бірақ та бұл өзімнің жүрегіме жақын жұмыс болғаннан кейін мен үшін ешқандай қиындық тудырмайды. Алдыма тағы бір таңдау қойса мен қайтадан осы полицияда жедел уәкіл болам деп айтатын едім.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Ару полицейлер өздерін қаншалықты ер мінезді етіп көрсеткенімен бойларынан нәзіктік сезіліп тұрады. Айтпақшы бұл сұлулардың басым бөлігі өз теңін құқық қорғау саласынан тапқан. 

Хабарламаларға жазылу