Еліміздің емдеу мекемелерінде 7 мыңнан астам дәрігер тапшы. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, инфекционист, сәулелік диагностика мамандары жетіспейді.
Бір ғана Солтүстік Қазақстанда 300-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Шалғай елдімекендерде жағдай тіпті күрделі. Медицина қызметкерлері болмағандықтан фельдшерлік-акушерлік пунктер жабық тұр.
Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тұрғыны Рүстем Өтеновтің жасы 82-де. Соңғы 30 жылдан бергі әр күні дәрі-дәрмекке тәуелді.
Рүстем Өтенов, Айымжан ауылының тұрғыны:
Деміккенде демала алмай тұншығып, қысыламын.
Гүлсім Оспанова, Айымжан ауылының тұрғыны:
Көлік болмаған соң, жағдай қиын. Кәрі кісілерге тіптен қиын. Қазір ауру көп. Барып, кішкене ем алғың келеді.
Былтыр ауыл фельдшері зейнетке шыққан. Содан бері басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар аудан орталығына сабылуға мәжбүр.
Ғалымжан Ахметов, Айымжан ауылының тұрғыны:
Жазатайым ауыра қалса, укол салатын адам іздеп ауданға барып жүрмейміз ғой. Біреудің шамасы келеді, біреудің шамасы келмейді. Көлік жағдайы қиын.
Елді мекенде 500-ге жуық тұрғын бар. Дені қарттар. Көпшіліктің айтуынша, қыс мезгілінде аудан орталығына қатынау тіпті қиындайды.
Эльмира Кәленова, тілші:
Мынау Айымжан ауылдық медициналық пункті. Тұрғындардың айтуынша, есігіне 10 жыл бұрын қара құлып ілінген. Ғимараттың қабырғасы қаусап, төбесі құлап жатыр.
Маман тапшылығынан емханалар ұзын-сонар кезектен арыла алмай келеді. Мәселен, Петропавл қалалық 1-ші емхана 70 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Мекемеде штаттық кесте бойынша 130 дәрігер болуы шарт. Алайда 30-дан астам жұмыс орны бос тұр.
Николай Новиков, Петропавл қалалық 1-ші емханасы бас дәрігерінің м.а.:
Бұл жылдар бойы қалыптасқан маман тапшылығы. Оның орнын толтыру оңай емес. Өңірдегі емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері медициналық жоғары оқу орындарын аралап, студенттермен келісім шарт жасадық. Түлектердің басым бөлігі резидентурада білім алғысы келеді. Байқағаным, жас мамандардың солтүстік өңірлерге келгісі жоқ.
Өңірге келген жас мамандарға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Алайда әлеуметтік қолдау маман тапшылығы мәселесін шешуге септеспей отыр.