Бозжыра маңына туристік нысан салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бозжыра маңына туристік нысан салынады

30.06.2022

Маңғыстаудағы Бозжыра маңына туристік нысан салынады. Өйткені, көрікті мекенге келушілер көп. Туристер түнеп, қажетті сервистік қызмет жасалатын ғимараттар болуы тиіс.

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осылай деді. Әзірге, ол жаққа қандай нысан салынатыны белгісіз. Бірақ бұл тақырып күн тәртібінен алынған жоқ дейді, облыс басшысы. Аймақта туризм саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе ішкі туризм.

Жылдың бірінші тоқсанының өзінде 55 мыңға тарта турист келген. Көрсетілген қызметтер көлемі 1,2 млрд теңге. Өсім 20 пайыз. Қала іргесіндегі жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобалары жалғасуда. Қонақ үй мен демалыс орындарының саны артады.

Облыс әкімі өңірде қант зауытының неге тоқтап қалғанын айтты. Салуға ниеттенген кәсіпкерге, қаржылық және әкімшілік қолдау көрсетілген. Дегенмен бизнес бастау оңай емес.Кейбір кедергілерге байланысты жұмысы тоқтап тұр. Ал өңірде былтырғыдай қуаңшылық болмауы тиіс. Өйткені, шөп шығымы жақсы. Әрі бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Қала үлкейген сайын инфрақұрылымға қатысты мәселелер де көп. Мысалы, жарық жиі өшеді. Ауыз су мәселесі өзекті.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Қазір қала тұрғындарының саны өсті. Өнеркәсіп нысандары да күрт өсті. Соның есебінен су жетіспеушілігі бар. Су жетіспеушілігін қалай жоямыз? 9 жоба жүзеге асырып жатырмыз. Соларды шешкенде біз бұл мәселелерді реттейміз. Электр желісін біз Маяктан аламыз. Оның да инфрақұрылымы жөндеуден өтпеген. Бұл мәселелер күн тәртібіндегі мәселелер. 

Хабарламаларға жазылу