Мәжіліс және Сенат депутаттары 127 заң жобасын қарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс және Сенат депутаттары 127 заң жобасын қарады

30.06.2022

Парламент депутаттары каникулға кетті. Бүгін қос палатаның бірлескен отырысында жетінші шақырылымның екінші сессиясы қорытындыланды. Осы аралықта маңызды заң жобалары қабылданған. Депутаттар Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға елдегі өзекті мәселелер бойынша 500-ге жуық депутаттық сауал жолдаған.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың пікірінше, екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болды. Мәжіліс те, Сенат та 42 рет жалпы отырыс өткізіп, жүздеген мәселені қараған. 494 депутаттық сауал жолданды. Алайда, Үкімет мүшелерінің кейде сырғытпа жауап бергені депутаттардың көңілінен шықпады.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мәжілістің жиынына сауалдарға дайындалмай келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілде жауап беруге шорқақ. Оның сыртында, нақты қойылған мәселе төңірегінде көп жағдайда жазбаша түрде жауап беруге рұқсат сұрайды. Ондай болса, Үкімет міне тұр, Парламент міне тұр, бір-бірімізге хат жазысып отыра берейік.

Мұндайға жол бермес үшін депутаттық сауалдарға ауызша жауап беру тәртібі енгізілді. Бұл үшін министрлер мен басқа да ведомство басшылары жеке-жеке Парламентке шақырыла бастады. Өйткені, әр депутаттық сауалдың артында халықтың өзекті мәселесі, тілегі, тағдыры, аманаты тұр.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Адам құқығына байланысты өте маңызды заң қабылданды. Бұл омбудсмендік институт. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл енді тек қана орталықта ғана емес, өңірлерде де жұмыс істейді. Және бұл заң адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыретін, қызметтік ретін анықтап беретін болды.

Осы сессия кезінде қос палата 127 заң жобасын қарап, оның 78-ін қабылдаған. Парламент мақұлдаған заңдардың 66-сына Президент қол қойды. Қоржында әлі де біраз маңызды құжат жатыр. Сондықтан, депутаттық корпустың жұмысы көп ұзамай қайта жанданады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Кезекті парламенттік сессияда заң шығару жұмысы ең алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындауға, конституциялық реформаларды іске асыруға бағытталатын болады. Атап айтқанда, 20-дан астам заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Мемлекет басшысы басты заңдарды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Парламенттік каникул 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Бірақ, депутаттар бұл уақыттың бір айын әдеттегідей аймақтарды аралап, халықпен жүздесуге арнап, сосын ғана демалуды жоспарлап отыр.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ата-анамның қасына барамын. Түркістан облысына барамын, ол жақта ата-апам тұрады, сол жақтың тумасымын. Қатты жоспар жоқ. Алакөлге барып шомыламыз деп ойлап жатырмыз. Балқашқа баратын шығармыз.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу