Түркістандықтар жалақыларына жете алмай жүрсе, Ақтөбеде ондаған тұрғын 4 жылдан бері өздеріне тиесілі пәтерді ала алмай жүр. Құрылыс компаниясына миллиондап қаржы салған тұрғындар бүгін біздің тілшілерге шағымын жеткізді. Олардың сөзінше, көбі баспана құнын толық төлеп қойған. Ал, копания басшылғы орындалмайтын уәде беруден аса алмай отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Құрылыс компаниясы бұл жерден көп қабатты үш үй салуы керек болған. Алайда, қазір оның тек біреуі ғана тұр. Оның өзі толық бітпеген. Ал, қалған екеуінің іргетасы енді ғана қалануы тиіс.
Гүлбаршын Теміртаева салынып жатқан үйдің макетіне қарап алданып жүр. Ал, үйдің бітетін түрі жоқ. Келісім-шарт бойынша, салымшылар жаңа баспанаға 2020-сыншы жылдың соңында кірулері тиіс. Бірақ, тұрғындар әлі күнге әр жерде пәтер жалдап жүргендерін айтады.
Гүлбаршын Теміртаева, салымшы:
100 процент ақшаны салғанмын. Маған 2021 жылдың төртінші кварталы болады деген. Әлі берілген жоқ. Небары 9 этаж тұрғызғаны. Халықтың мына 30-40 проценті квартирада тұрып жатқан адамдар бар.
Тұрғындар бүгін құрылыс басына келді. Мұнда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Компания өкілдері соңғы рет 77 пәтерлі бұл үйдің келесі айда тапсырылатынын айтқан. Алайда, салымшылар ол уәденің уақытылы орындалатынына күмәнді.
Мейрамгүл Ешмұхамбетова, салымшы:
Ол кезде маған айтқан-ды, 19 жылдың соңы, 20 жылдың басында береміз деп.20-сыншы жылы пандемия басталды деп шегере берді, шегере берді. Міне, 22-нің ортасы болды, әлі үйіміз жоқ.
Салымшылардың кейбірі әлі іргетасы қаланбаған үйдің де толық ақысын төлеп қойған. Олар үйлер салынғанша тағы 5 жыл күтеміз бе деп қынжылады. Ал, тұрғындарды сағатқа жуық күттіріп келген компания басшысы мәселе шешіліп жатыр деп сендірді.
Нұрбек Байғұттиев, компания басшысы:
Карантиннен кейін барлық құрылыс материалдары екі есеге қымбаттап кетті. Бірақ біз өз міндеттемемізді орындаудан қашпаймыз. Алғашқы үйді осы жазда бітіреміз. Алғашқы үйдегі пәтерлер қазірге дейін толық сатылып кетті.
Компания басшылығы тұрғындарға салған ақшаларын қайтарып беруді ұсынған. Алайда, салымшылар онымен келіспеген. Өйткені қазір ол қаржыға ештеңе ала алмаймыз деп отыр. Мәселе жергілікті биліктің бақылауында.
Жақсыбек Кемал