Алматыда сегіз жасар баланы тоқ ұрып, жан сақтау бөліміне түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда сегіз жасар баланы тоқ ұрып, жан сақтау бөліміне түсті

01.07.2022

Алматыда сегіз жасар баланы тоқ ұрып, жан сақтау бөліміне түсті. Оқыс оқиға Алатау ауданына қарасты саяжайлардың бірінде болған. Тұрғындар бұған әкімдікті кінәлап отыр. Балалар ойнайтын алаң салып берсе мұндай жағдай болмас еді дейді.

Әлинұрдың анасы сол күні жұмыста болған. Көршісі хабарласып, баласын тоқ ұрғанын айтқан. Қайта жедел жәрдем дер кезінде келіп, ауруханаға алып кеткен.

Әлия Әбдікәрімова, қала тұрғыны:

Есі ауып, қол-аяғы дірілдеп, жылап біраз үйде болды. Қолым ауырып жатыр, басым ауырып жатыр, ішім ауырып жатыр деп. Жедел жәрдем келгеннен кейін бірден системасын қойып барғанша ұйқысы келіп тұрған сияқты халде барды.

Бұл алғашқы оқыс оқиға емес дейді тұрғындар. Жаңбыр жауса болды қоршаудың бойынан тоқ жүреді. Балаларды қанша қусақ та, осы саябақтан басқа ойнайтын жерлері жоқ дейді.

Ләззат Базарбекова, қала тұрғыны:

Балалардың ойнайтын алаңы жоқ. Әрине, жағдай болмаған соң. Бірінші күні менің балам тоққа түсті. Мен қазір баламның жағдайын білмеймін. Күнде кешке қарай мұрны қанайды. Басы айналады. Жүрегі айниды. Құсады. Бұл әкімдіктің салғырттығы.

«Алатау жарық компаниясы» тоқтың тұйықталуы жеке үйге тартылған желіден шыққан дейді. Қазір ақау қалпына келтірілген. Ал, әкімдік балалар ойнайтын алаңның мәселесін арнайы комиссия қарап жатыр дейді.

Ертіс Бесіров, Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Шілде, тамыз айында құрылыс жұмыстары басталып, балалардың ойын алаңын салу жоспарланған. Биылғы жылы қолға алынып, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі.

Дәрігерлердің сөзінше, тоқ соққан бүлдіршін қазір жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Жағдайы орташа, тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, соңғы кезде балаларды тоқ соғып, биіктен құлауы немесе ит талап өлтіру деректері көбейген. Мәселен, жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған 42 бала суға кетіп ажал құшқан.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу