Атырау облысында құс тұмауының тіркелуіне байланысты, үй құстарына вакцина салу басталды. Қазір қала маңындағы елді мекендерде екпе егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдайды толығырақ тікелей байланыс арқылы Жандос Темірғали баяндап береді. Жандос, қайырлы күн, қанша доза бөлінген?
Жандос Темірғали, тілші:
Қала аумағындағы үй құстарын егу үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 6291 доза бөлінді. Қазір шаһарға қарасты 7 ауылдық округте жұмыс қарқынды жүріп жатыр. 4 бригада жұмылдырылды. Оның құрамында Батыс Қазақстан облысынан көмекке келген мамандар да бар. Айналасы 3-4 күннің ішінде 100-ден астам үйден 2 мыңға жуық тауық пен 500-дей бас қазға вакцина салынды. Мамандар әзірге үй құстарынан тұмау анықталмағанын айтады. Тек жағдай Теңіз жақта көңіл көншітпей тұр. Өйткені, АН-5 деп аталатын аса қауіпті инфекциядан Қашаған кен орнындағы 2 жасанды аралда 3 мыңға жуық шағала қырылып қалған. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватындағы Шалыга аралынан да 2500-дей құстың өлексесі табылды. Оның неден қырылғаны белгісіз. Жауаптылар сынаманың қорытындысын күтіп отыр. Қазір аңшылыққа тиым салынды.
Жандос Темірғали