Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ауыз су мәселесі шешілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ауыз су мәселесі шешілмей тұр

05.07.2022

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ауыз су мәселесі шешілмей тұр. 32 ауылдың басым бөлігінде тұрғындар тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Бірнеше жыл бұрын елді мекендерде су тарту жұмыстары басталып, соңы бітпей қалған. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ақтоғай ауданының Үшарал ауылында ауыз су тапшы. Мұндағы тұрғындар жалғыз құдықтан тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. 2008 жылы елді мекенге су тартылады дегенде мына мұнара тұрғызылған. Алайда қазір сол аяқсыз қалған жұмыстың ескерткішіндей алыстан мен мұндалап тұр.

Шағын ауылда 300-ден астам тұрғын бар. Көше толы мұнаралар. Судың, телефонның, интернеттің Алайда солардың жарытып жұмыс істеп тұрғаны жоқ,-дейді жұрт.

Өмірзақ Жасыбаев, ауыл тұрғыны:

Мұндай орнатулы тұрған бағаналар көп. Міне телефонның бір бағанасы тұр әнекей. Оның бәрі әлі іске асып жатқан жоқ. Сыртынан қарасаңыз кәдімгі дамып кеткен ауыл, бай ауыл көрінгенмен ешқандай нәтижесіз тұрған заттар. Бәрінен бұрын осы су мәселесі өткір тұр.

Тұрғындар ауыз суды ертеде мал суғару үшін қазылған 1 шақырым жердегі мына скважинадан тасып ішеді. Алайда тоқ желілері түгел ескіргендіктен «үф» еткен желден жарық сөніп, су болмай қалады. Бұл ауылдың тұрғындарына әсіресе қыстың боранды күндерінде тіпті қиын

Айнагүл Рысмағанбетова, ауыл тұрғыны:

Қиын ғой енді қанша айтқанмен міне көріп тұрсыздар. Мынаны сүйретудің өзі оңай емес 50-ден астық. Жағдай жоқ ауылда. Ақша бөлініп жатыр, бөлініп жатыр дейді. Білмеймін енді қайда кетіп жатқанын.

Биыл аздап сең қозғалғандай. Ауыл ауыл болғалы ешқашан тартылмаған ауыз су құбыры келмекші. Егер қаражат уақытылы бөлінсе, келер жылы әр үйде су ағып тұрады, - дейді әкім.

Марат Төлепбеков, Жидебай ауылдық округінің әкімі:

Бұл ауылға су тарту бойынша экспертизаға құжаттары берілген бәрі. Бәрі өтті, биыл бітті көктемде. Содан біткен бетте облыс әкімі осында келіп есеп берген кезде ақша бөлінеді деді. Берді шынымен. Ақша бөлінді. Негізі 350 млн болса, соның 150 млн биылға беріп отыр. Қазір конкурсы ашық, мердігер ұтып алады, сосын суды бастайды тартуды.

Жалпы Ақтоғай ауданы бойынша 30 астам ауылдың 17-де ауыз су жоқ. Бұл өзекті мәселені шешу үшін қазір жергілікті билік қаражат көздерін қарастыруда. Алдымен тұрғындар саны 300-ден асатын ауылдар қамтылатын болады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу