Алакөлдегі өрт: 7 адам жеңіл жарақаттанған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөлдегі өрт: 7 адам жеңіл жарақаттанған

05.07.2022

Алакөл жағасындағы алапат өрттен 4 демалыс орнына қарасты 17 ғимарат жанып кетті. Қызыл жалын қас қағым сәтте 3000 шаршы метр аумаққа жайылған. Адам шығыны жоқ. Тек 7 адам жеңіл жарақаттанып, алғашқы медициналық көмек алды.

Тілсіз жау кеше түнгі сағат 11-де басталған. Әуелі, «Керуен» демалыс орталығынан тұтанған қызыл жалын әп сәтте қасында тұрған «Әйгерім», «Әлихан», «Жұмағазы» демалыс аймақтарын шарпыған. Абырой болғанда демалушылар қауіпсіз аймаққа қашып үлгеріп, тілсіз жаудан аман қалды.

Бектығазы Саянов, Үржар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

Дереу дабыл көтеріліп, күштер мен құралдар ауданнан жұмылды. Өртті сөндіруге 30 техника, 200-ге жауық адамдар жұмылып, өртті өшірді.

Мамандар түні бойы тікесінен тік тұрып, таңата қызыл жалынды толық сөндірді. Өртті ауыздықтауға сол маңдағы туристер де жұмыла кірісті. Қарапайым тұрғындар да қарап қалмады.

Дарын Нұрсапар, куәгер:

Өрт сөндірушілер келгенше, біріне шелек беріп, қолына түскен нәрсемен өртті өшіруге тырысты. Бізде көмектесуге тырыстық. Кешегі жайнап жарқырап тұрған үйлердің түгі қалған жоқ. Адамдар өздерінің заттарын үміттеніп іздеп жүр, аман қалған бірдеңе бар ма деп.

Алакөлдегі 4 демалыс орнына қарасты, 17 ғимараттың түгі қалмай жанып кетті. Тілсіз жаудың салдары бизнес иелері үшін оңай болмайын деп тұр. Қазір шығын көлемін арнайы құрылған комиссия тобы есептеп жатыр. Ал өрт кезінде құжаты мен мүлкі жанып кеткен демалушылар арнайы органдарға арыз жазып, шығынын өндіріп ала алады.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

Қазір өрт толық бақылауда. Су, электр жарығы толығымен қосылды. Демалушылар кәсіпкерлердің көмегімен басқа демалыс базаларына орналастырылуда.

Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Мораторийға сәйкес, бизнес субьектілеріндегі өрт қауіпсіздігі бұрын-соңды тексерілмеген. Алакөл маңындағы мұндай демалыс орындарының саны 300-ден асады.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі:

Екпінді жел мен ауа райына байланысты , ғимараттардың жақын орналасуына байланысты, тез жанғыш материалдардан салынғандықтан өрт лезде тарап кеткен.

Бастысы адамдар дін аман. 7 адамға медициналық көмек көрсетілді. Олардың біреуіне ыс тигені болмаса, қалғаны эвакуациялау кезінде жеңіл жарақаттанған. Жалпы күн жылына мұндай төтенше оқиғалар саны көбейеді. Орман мен жазық даланың өзінде 380- нен астам өрт дерегі тіркелген. Мамандар, әсіресе, табиғат аясында демалушылар қарапайым ережелерді қатаң ұстанса дейді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу