Мұнай экспорты: Транскаспий бағдары - басым бағыт - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай экспорты: Транскаспий бағдары - басым бағыт

07.07.2022

Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспорты штаттық режимде жүзеге асып жатыр. Энергетика министрлігі осылай деп мәлімдеді. Қазір құжаттық заң бұзушылықтарды жою үшін Ресейдің тиісті мемлекеттік органдарымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Еске салайық, күні кеше Новороссийскінің Приморск аудандық соты Каспий құбыр консорциумының жұмысын 30 тәулікке тоқтату туралы шешім шығарған еді.

Бес айдың ішінде Каспий құбыр консорциумындағы мұнай тасымалы үш рет тоқтатылды. Үш түрлі себеппен. Наурызда теңіздегі дауыл себеп десе, маусымда құбыр өтетін жерде торпедо, мина бар деді. Ал енді апаттан төгілген мұнайдың құжаттары дұрыс емес деп, Приморск аудандық соты ктк жұмысын бір айға тоқтату туралы шешім шығарды. Мамандардың есебі бойынша, бір айда елге 300 миллиард теңге шығын келеді. Бюджетке түсетін салық 50, экспорттағы түсім 70 пайызға азаюы мүмкін. Жиырма жылда тоқтамаған мұнай экспортын тежеудің артында бірнеше себеп бар, дейді сарапшылар.

Рашид Жақсылықов, Мұнай сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы:

Біздің де мұнай ктк арқылы еуропаға жетпесе, ол жақта мұнай тапшылығы туындайды. Алдағы қыста көмірмен жанатын жерлерді іске қосамыз деп жатқанда экономикалық тұрғыдан соққы. Екінші мәселе. Қазақстан саяси тұрғыда көп мәселелер бойынша Ресейді қолдау танытып жатқан жоқ. Ашық ойын білдіріп жатқаны оларға ұнамай жатқан сияқты.

Каспий құбыр консорциумы соттың шешімімен келіспей, қайта шағым түсірді. Себебі үздіксіз жұмыс істеп тұрған процес бірден тоқтаса өндірістік салдары көп болмақ. Десе де бүгін энергетика министрлігі консорциум арқылы мұнай экспорты штаттық режимде жүзеге асып жатқанын хабарлады. Қазір құжаттық заң бұзушылықтарды жою үшін Ресей тарапымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Елде мұнай-газ өндірісіне пара-пар экономиканың тірегі болатын сала жоқтың қасы. Мамандар не істеу керек деген сұраққа жауап іздеумен әлек. Еуропадағы нарықты жіберіп алмау, шикі мұнай сақтайтын қоймалар салу, мұнай тасымалдайтын вагондар мен танкерлер санын көбейту. Қысқасы балама жол бар. Бірақ...

Абзал Нарымбетов, Мұнай-газ саласының сарапшысы:

Бірақ дәл ктк-дай мөлшерді жіберу балама жолмен мүмкін емес. 55 млн тонна жылына жібереді ктк. Балама жолмен 10 млн Қытай, 5 млн порт Ақтау арқылы жібере алады.

Мұнай экспортының қиындауына байланысты үкімет шұғыл кеңес өткізіп, бюджеттік шығындарды азайту жайын талқылады. Ал президент құбырлардың қуатын арттырып, инвестиция тарту керек деді. 1511 шақырымға созылатын құбыр арқылы Қазақстан мұнайының 83 пайызы экспортталады. Мәселені бүгін шешпесе, ертең экономиканың әлсіреуі әбден мүмкін дейді сарапшылар.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу