Елордада аса ірі көлемде есірткі тасыған қылмыстық топ ұсталды. Қарағанды – Нұр-Сұлтан бағытында «Тойота Эстима» көлігі тоқтатылып, салонынан салмағы 16 келіден асатын гашиш табылған. Жүргізушіден бөлек, 23 жастағы ұйымдастырушысы мен одан кіші сыбайласы қолға түсті. Күдіктілер нашаны Шудан әкеліп, астанада өткізуді көздеген. Бұл гашиштің қара нарықтағы бағасы 16 миллион теңгеге пара-пар. Сондай-ақ, арнайы операция барысында тағы бір жігіттен гашиш табылды. Аталған факті бойынша «есірткі құралдарын өткізу, жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.