Жыл сайын 10-12 адам өндірісте қайтыс болады. Бұған көз жұма қарауға болмайды. Сондықтан өндірісте еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтау керек. Қарағанды облысына арнайы барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыс әкімі мен кәсіпорын басшыларына осындай тапсырма берді. Үкімет басшысы өңірдегі бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметік нысандарды да аралап көрді.
«Орталық-Оңтүстік» халықаралық транзиттік дәліздің бір бөлігі Қарағанды – Балқаш – Сарышаған автожолы келер жылы желтоқсанда аяқталуы тиіс. Биыл асфальттың бірінші қабаты төселеді. Сонымен айналма және топырақ төселген учаскелер саны азаяды. Пандемияның кесірінен және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс кестеден кешіккен. Жобаға қайта өзгеріс енгізуге тура келді,-дейді жол жөндеуге тапсырыс берушілер.
Сырым Хамзин, «Қазавтожол»ҰК» АҚ ҚОФ басшысы:
Пандемияның әсері тиді. Жол жұмыскерлерін уақытында әкеле алмадық мұнда. Жол-құрылыс материалдары қымбаттады. Екі есеге өсті битумның бағасы мысалға. Мамырдан бастап жұмыстар қайта жанданды. Қазіргі таңда осы бір ай ішінде 31 шақырым асфальт жабындысы төселді.
Үкімет басышысы Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады. Құрышты қаланың жүрегі металлургиялық комбинаттағы 3-домна пешінің жұмысымен танысты. Премьер-Министр облыс және кәсіпорын басшыларына өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе «АрселорМиттал Теміртауда» бұл мәселе өткір тұр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықтардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
Сонымен қатар Премьер-министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді де шегелеп тапсырды. Бұл ретте өнеркәсіптік газ өндіру зауытының жетістіктерімен танысты. Кәсіпорын Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін іске қосылған. Зауыттағы көмірқышқыл газын азайту жөніндегі жаңа технологияны елдегі зауыттарда, мұнай-газ және энергетика салаларында кеңінен қолдануға болады.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Теміртауда «Жас таланттар академиясы» балабақшасына барды.Биыл республика бойынша 322 жаңа балабақша ашылуы тиіс. Соның 14-і Қарағанды облысында.
Үкімет басшысы Саран қаласында салынып жатқан дөңгелек шығаратын зауыттың құрылысымен де танысты. Шағын қаладағы автобус құрастыратын кәсіпорын сәтті жұмыс істеп тұр. Соның арқасында отандық жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарктердің көліктері жаңалана бастады. Әлихан Смайылов осында ұзақ жылдар бос тұрған ықшам ауданды қайта жаңғырту жұмыстарын да көріп шықты.
Руслан Нұрланұлы