Бас мүфти мал бағасын шарықтатпауға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас мүфти мал бағасын шарықтатпауға шақырды

09.07.2022

Иісі мұсылман Құрбан айтпен қауышты. Діни мерекенің мәнін кіргізетін рәсім – мал сою. Биыл қойдың бағасы 40-тан бастап 75 мыңға дейін жеткен. Жасына қарай саудалануы көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Мүфтият «Раббың үшін құрбан шал» акциясын өткізеді. Яғни, мұқтаж жандарға ет таратылады. Жалпы, жұртшылық үш күнде үлгілі іс жасап үлгеріп қалғаны абзал.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Құрбан айт – Аллаға жақындау деген мазмұндағы қасиетті мейрам. Бұл күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хос иісті әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Биыл да дәстүрден жаңылмай, сапқа тұрып, сауап алуға ниеттенгендер көп. Айт намазы уақыты таңғы сағат 7-де. Қазір 6 жарым, адам қарасы қалың.

Жамағатпен оқыған намаздың сауабы 25 есе көп. Оның үстіне «қырықтың бірі – Қыдыр». Демек, бірінің тілегі қабыл болса, бәрінікі де қабыл.

Манарбек Көпжасаров:

Әйтеуір, алапат күн жоламасын. Мына нұрлы өмірге тірек болған қазағымның, Алашымның ұрпағы жоғалмасын.

Қазыхан Айтбай:

Қазақстанымызға Алла Тағала нұр жауғызсын. Тек қана жақсылық, тыныштық болсын!

Қыз-келіншектер жәрмеңке жайды. Түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады. Ал ерлер күш сынасып, гір тасын көтерді, асық атып мергендігін сынады. Бірқатары мал жайын қамдау үшін базарға асықты.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Құрбан айтты тойлау және құрбан шалу Орталық Азияда ислам дінінің келуімен бірге тараған. 10-13 ғасырларда кең етек жайды. Бұл салт көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халық үшін таңсық емес еді. Жалпы, ұлтымыз ислам шарттарын жатырқамай қабыл алды. Өйткені дәстүр мен дін табиғи үйлесімін тапқан.

Адал саудаға да береке жасырылған. Бас мүфти мал бағасының жайын сұрады. Үндеуден бөлек, жергілікті билік базар әкімдігімен бағаны бақылауда ұстап тұр.

Сейілхан Кенжебеков, сатушы:

Тоқтының бағасы 40 мыңнан бастап 50-60 мыңға дейін барады. Қойдың бағасы 60 мыңнан басталады. 

Малдың әр қылына сауап бар. Сондықтан шариғат талаптарына сай сою аса маңызды. Онлайн құрбандық шалу да сондай. Себебі, Алла алдына амалдан бұрын ниет жетеді.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

Күні бүгінге дейін 1500 адамнан онлайн құрбандық шалуға тапсырыс түсті. Ал халқымыздан ет алуға көмек сұраған 2500-ге жуық адамнан өтініш келіп түсті. Халқымыздың құрбандықтарын Алла қабыл етсін. Сауабын баршамызға нәсіп етсін.

Бастысы айтты ас ішіп, аяқ босатып өткізіп алмау керек. Үш күнде үлгілі іс жасап үлгерген жөн. Құрбан шалудан басқа, араз болсаң татуласуға асығып, науқас адамдардың да көңілін сұрай барғанның сауабы мол.

Нысаналы Ығыл, Сұңқар Қайсин, «ҰА»

Хабарламаларға жазылу