Түркияда Құрбан айт мейрамы ерекше тойланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда Құрбан айт мейрамы ерекше тойланып жатыр

09.07.2022

Қасиетті Құрбан айт мерекесі бауырлас түрік елінде де тойланып жатыр. Пандемияның кесірінен екі жыл қатарынан тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған мейрам биыл ерекше аталып өтуде. Ыстамбұлдың мал базарларында сауда қызып, қаланың әр жерінде түрлі шаралар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылған.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ыстамбұлда дәл осындай сегіз ірі құрбандық шалу орталығы бар. Оларға Түркияның әр түкпірінен мыңдаған бас мал әкелінеді. Биылғы құрбандық малының бағасы 35 мың мен 75 мың лира аралығында. Біздің теңгеге шаққанда 1 млн мен 2 млн теңге шамасында. Мал қымбат болса да алушылардың қарасы көп.

Мал базарында саудаласу тәсілі де ерекше. Сатушы мен сатып алушы бағасына келіскенше бір-бірінің қолын қатты сілкіп тұрады. Бұл өте ертеден келе жатқан салт. Екі жақ келіскен кезде ғана жанындағылар қолдарын үзеді. Жаңа ғана бір бұқаны сатып көңілі жайланған Фехми мал өсіруді атадан балаға жалғап келе жатқан кәнігі шаруа.

Фехми Токат, мал сатушы:

Биыл сатуға 65 бас ірі қара әкелдім. Барлығы дерлік ойымдағы бағаға өтті. Биыл малдың бағасы көтерілді. Біз сияқты шаруаларға сол дұрыс болды. Себебі жем-шөп, малды тасымалдау құны қымбат. Өзіміздің жайлауымыз бар сол жақтан әкелеміз. Адал еңбекпен баққан малдың жақсы бағаға өткені дұрыс қой.

Құрбандық малын сатып алғандар үшін осы жерде малдың салмағын өлшеп, сойып, мүшелеп, қажет болса таратып беретін қызметтер бар.

Хусейн Демиржиоғлы, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Жаңа ғана құрбандық малын алдым. Шамалы қымбат, дегенмен көңілім жайланды. Қазақстандағы бауырларымызды Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Айт қабыл болсын!

Құрбан айт Түркиядағы ең атаулы мереке. Бұл күнді үлкен-кіші ерекше күтеді. Балаларға сыйлық таратып, үлкендердің қолын сүйіп батасын алу дәстүрі бар. Бұдан бөлек қаланың әр жерінде жәрмеңкелер ашылып, ауыл-ауылдан келген арзан, табиғи азық-түлік сатылады. Мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарының барлығы демалысқа шығады. Биылғы айтта түркиялықтар 10 күн демалады.

Айдос Әшімұлы, ҰА, Түркиядан

Хабарламаларға жазылу