Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина төрткүл дүние көз тіккен «Уимблдон» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Отандасымыздың Ұлыбритания жеріндегі айтулы жетістігі ел спортының тарихында алтын әріптермен жазылмақ.
Лондондағы байрақты бәсекенің ақтық сайысында жерлесіміз жаһанның екінші ракеткасы Онс Жабермен кездесті. Ойынның фавориті саналған тунистік ару ә дегеннен өзінің мықтылығын паш етіп, бірінші сетте 6:3 есебімен алға шыққан. Бірақ, жүйкесі сыр бермейтін Елена екінші кезеңде қателіктерін түзеп, қарқынын одан сайын үдете түсті. Қарсыласынан мұндай табандылықты күтпеген Жабер артынша 6-2 есебімен ұтылды.
Шешуші үшінші сетте абдырап қалған тунистік теннисші күшіне мінген отандасымызға еш қарсылық таныта алмады. 23 жасар Рыбакина «Уимблдон» чемпионы!
Осылайша үлкен теннистен Әлемде төрт «Үлкен дулыға» бәсекесі болса, Елена соның ең беделді додасын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық теннисші атанды. Және де бәсі жоғары турнирде топ жарғаны үшін 2 миллион еуро сыйақы алды.
Айта кетейік, Елена Рыбакинаны жарқын жеңісімен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады.
Әділбек Серікұлы