Алматыда «Қаңтар оқиғасы» кезінде қару-жарақ ұрлаған тағы бір күдікті 6 жылға сотталды. 33 жастағы ер адам құны 205 мың және 187 мың теңге тұратын тегіс ұңғылы 2 қару ұрлаған. Оған Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттарды жымқыру не қорқытып алу» бабы бойынша айып тағылды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Ол қару-жарақ дүкеніне кірмегенін, дүкен жанынан қару тауып, оны құқық қорғау органдарына табыстау үшін алғанын айтқан. Алайда, сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен расталды. Кәмелетке толмаған екі баласының болуы, кінәсін ішінара мойындауы және сотталушының жасы жазаны жеңілдеткенімен, төтенше жағдай кезіндегі қылмысы үшін 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жазира Оразқызы